Республика күні ұлттық мерекесі қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаменті қызметкері мемлекеттік наградамен марапатталды.
Теміртау қаласы Төтенше жағдайлар басқармасына қарасты №30 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау старшинасы Айбек Азаматович Бариакин өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін «Ерлігі үшін» медаліне ие болды.
Мемлекеттік наградамен марапатталған әріптесін Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері ерекше құрметпен қарсы алды.
Департамент бастығы Манарбек Шапағатов құтқарушыны жоғары марапатымен құттықтап, оның ерлігі мен кәсібилігі азаматтық қорғау қызметкерлері үшін үлгі екенін атап өтті. Сондай-ақ алдағы қызметіне табыс, отбасына амандық, деніне саулық тілеп, әріптестерінің құрметіне бөленіп, ел игілігі жолындағы еңбегін абыроймен жалғастыра беруіне тілектестік білдірді.
Адам өмірін сақтап қалу жолында батылдық пен жанқиярлық таныту – құтқарушы мамандығының басты ерекшелігі. Ал мемлекеттік награда – осындай ерлік пен адал қызметке берілген жоғары баға.
Қарағандылық құтқарушыны лайықты марапатымен құттықтаймыз! Әрдайым абырой биігінен көрініп, ел алғысына бөлене берсін!








