РЕСПУБЛИКА КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА ОТЫРАР АУДАНДЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР БӨЛІМІНІҢ ЖАҢА ҒИМАРАТЫ АШЫЛДЫ

    1 / 11
    Республика күні қарсаңында Отырар ауданының орталығы Шәуілдір ауылында аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің жаңа ғимаратының ашылу салтанаты өтті.
    Салтанатты іс-шараға Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Бағдат Темірболатұлы Чайзада, Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы, сала ардагерлері мен төтенше жағдайлар қызметінің жеке құрамы қатысты.
    Іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін орындаумен басталды. Одан кейін қатысушыларға жаңа ғимараттың құрылыс жұмыстары мен материалдық-техникалық жабдықталуы таныстырылды.
    Ғимараттың құрылысы 2025 жылдың қыркүйек айында басталып, 2026 жылдың қазан айында толық аяқталды. Нысанның басты ерекшелігі – құрылыс жұмыстары кәсіби құрылысшыларды тартпай, өрт сөндіру қызметінің жеке құрамының өз күшімен жүзеге асырылды.
    Жаңа ғимаратты салу барысында бөлімнің ескі нысаны толық бұзылып, оның орнына заман талабына сай ғимарат бой көтерді. Сонымен қатар №9 өрт сөндіру бөлімі мен №30 өрт сөндіру бекетінің сыртқы келбеті жаңартылып, аумаққа асфальт төселді. Қызметтік автокөліктерге арналған автотұрақ салынып, сыртқы қақпа мен бақылау-өткізу бекеті жаңартылды.
    Бұдан бөлек, қызметкерлердің күнделікті жұмысына қолайлы жағдай жасау мақсатында жуыну бөлмелері, қызметтік киімдерді жууға және кептіруге арналған арнайы бөлмелер жабдықталды. Ғимараттың инфрақұрылымы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою бағытындағы жұмыстарды тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
    Салтанатты рәсім барысында Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Бағдат Чайзада мен аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы жаңа ғимараттың лентасын қиып, нысанның ішкі бөлмелерімен танысты.
    Іс-шарада облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы мен аудан әкімі құттықтау сөз сөйлеп, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп жүрген сала қызметкерлеріне алғыстарын білдірді. Сонымен қатар қызметтік міндеттерін абыроймен атқарып жүрген бірқатар азаматтар марапатталды.
    Республика күні қарсаңында ашылған жаңа ғимарат – ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам әрі төтенше жағдайлар қызметінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталған игі іс. Жаңартылған нысан құтқарушылардың жұмыс жағдайын жақсартып, аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, төтенше жағдайларға жедел ден қоюға және адам өмірін сақтап қалу жолындағы қызметтің тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Отырар ауданы әкімінің аппараты" жаңалықтары