Душанбе, 2026 жылғы 23 қазан – Қазақстан Республикасының Тәжікстан Республикасындағы Елшілігі ұлттық мереке – Республика күніне орай ресми қабылдау ұйымдастырды.
Салтанатты іс-шараға Тәжікстанның мемлекеттік органдарының өкілдері, Душанбеде аккредиттелген дипломатиялық миссиялардың басшылары, әскери атташелер, халықаралық ұйымдардың, іскерлік топтардың, ғылыми, мәдени және қоғамдық ортаның өкілдері, сондай-ақ Қазақстанның достары қатысты.
Іс-шараның құрметті қонағы Тәжікстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Зиёзода Сулаймон Ризои болды.
Құттықтау сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Тәжікстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Уәлихан Төреханов Республика күнінің тарихи маңызына тоқталып, бұл мерекенің қазақ мемлекеттілігінің санғасырлық дәстүрлерін, халқымыздың тәуелсіздік пен ұлттық бірлікке деген ұмтылысын бейнелейтінін атап өтті.
Елші Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы негізгі жетістіктеріне, елдің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықаралық беделінің нығаюына және мемлекетті одан әрі жаңғыртуға бағытталған ауқымды реформалардың жүзеге асырылуына назар аударды.
Өзара құрмет, сындарлы диалог және халықаралық ынтымақтастық қағидаттарына негізделген Қазақстанның белсенді сыртқы саясатына ерекше мән берілді. Еліміздің өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз етудегі, ядролық қарусыздану саласындағы бастамаларды ілгерілетудегі, көлік-логистикалық дәліздерді дамытудағы және Еуразия мемлекеттері арасындағы өзара байланыстарды нығайтудағы маңызды рөлі атап өтілді.
Дипломатиялық миссия басшысы өз сөзінде Орталық Азияның Қазақстан сыртқы саясатындағы басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Осы тұрғыда бауырлас Тәжікстанмен достық, тату көршілік және стратегиялық әріптестік қатынастарын одан әрі дамытуға ерекше мән берілетіні айтылды.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның саяси жігері мен тұрақты назарының арқасында екіжақты ынтымақтастық сапалы жаңа деңгейге көтеріліп, нақты практикалық мазмұнмен толығып келе жатқаны атап өтілді.
Елші сауда-экономикалық өзара іс-қимылдың оң серпініне ерекше тоқталды. Атап айтқанда, 2026 жылдың сегіз айында өзара тауар айналымы 34 пайызға өсіп, 1 млрд. АҚШ долларынан асты. Қазақстан Тәжікстан экономикасына инвестиция салатын маңызды елдердің бірі болып қала беруде.
Қабылдау аясында қонақтарға тақырыптық көрме ұсынылып, Қазақстанның бай мәдени дәстүрлерін танытатын мерекелік концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.









