1 / 9
Отырар ауданында 25 қазан – Республика күніне орай «Менің Отаным – Менің Республикам» атты салтанатты жиын өтті.
Мерекелік іс-шараға ауданның зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері, мемлекеттік қызметшілер, мекеме қызметкерлері және аудан тұрғындары қатысты.
Іс-шараға келген қонақтар алдымен аудандық орталық кітапхана ұйымдастырған тақырыптық кітап көрмесімен танысты. Көрмеге Қазақстанның тарихы, тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері, мемлекеттік рәміздері мен ұлттық құндылықтары туралы әдебиеттер қойылды. Кітап көрмесі қатысушылардың тарихи танымын кеңейтіп, ел тарихына деген қызығушылығын арттыруға бағытталды.
Салтанатты жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындаумен басталды. Іс-шара барысында жүргізушілер еліміздің егемендік жолындағы тарихи қадамдарына тоқталып, Республика күнінің маңызы мен мемлекеттілікті нығайтудағы айрықша рөлін атап өтті.
Мерекелік жиында аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы жиналған қауымды Республика күнімен құттықтап, ел тәуелсіздігін нығайту, туған жердің өркендеуіне үлес қосу және ұрпақ алдындағы жауапкершілік туралы сөз қозғады. Сонымен қатар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, әр салада жемісті еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтарға марапаттар табысталды.
Республика күні – еліміздің егемендігін айқындаған тарихи шешімнің маңызын дәріптейтін, ұлттық бірлік пен отансүйгіштік құндылықтарды ұлықтайтын мемлекеттік мереке. 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларация Қазақстанның тәуелсіздікке бастар тарихи жолындағы маңызды қадам болды.
Мерекелік жиын патриоттық әндер мен концерттік бағдарламаларға ұласып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Ел бірлігі мен ынтымағын нығайтып, туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыруды мақсат еткен шара мерекелік рухта қорытындыланды.









