БАЛА ҚАУІПСІЗДІГІ – ОРТАҚ МІНДЕТ

    1 / 14
    Отырар ауданында «Бала қауіпсіздігі және суицидтік мінез-құлықтың алдын алу» тақырыбында ата-аналар жиыны өтті.
    Аудандық мәдениет сарайында ұйымдастырылған жиынға білім беру саласының өкілдері, ата-аналар, мектеп педагогтері, медицина және отбасыны қолдау саласының мамандары қатысты.
    Жиынның негізгі мақсаты – бала қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі отбасы, мектеп және қоғамның өзара байланысын нығайту, балаларға психологиялық қолдау көрсетудің маңыздылығын түсіндіру, сондай-ақ суицидтік мінез-құлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды саралау болды.
    Іс-шараның шымылдығы Т. Ибрагимов атындағы жалпы білім беретін мектептің педагогтері мен оқушылары дайындаған тәрбиелік мәні зор көрініспен ашылды. Көріністе бала тәрбиесіндегі ата-ана жауапкершілігі, отбасындағы қарым-қатынас пен балаға көңіл бөлудің маңызы көрініс тапты.
    Жиында аудандық білім бөлімінің басшысы Құдайберген Шербаев бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жасөспірімдер арасында келеңсіз жағдайлардың алдын алу бағытында білім беру ұйымдарында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
    Сонымен қатар аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов бала тәрбиесінде отбасы мен мектептің бірлескен жұмысының маңыздылығын атап өтіп, балалардың қауіпсіз ортасын қалыптастыру – баршаға ортақ міндет екенін жеткізді.
    Кездесуде отбасыларды қолдау, қиын жағдайға тап болған жанұяларға әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету мәселелері де кеңінен сөз болды. Осы бағытта отбасыны қолдау орталығының маманы ата-аналарға отбасындағы өзара түсіністік пен сенімнің маңыздылығы жөнінде түсіндірме берді.
    Медицина мамандары өз кезегінде балалардың психологиялық және физикалық саулығына назар аударып, жасөспірімдердің мінез-құлқындағы өзгерістерді дер кезінде байқап, тиісті мамандардың көмегіне жүгінудің маңыздылығын атап өтті.
    Жиынның ерекшелігі – ата-аналармен ашық пікір алмасу форматында өтуі. Қатысушыларға баланың зорлық-зомбылық туралы айтуға қорқуы, отбасындағы сөзбен кемсіту мен салыстырудың бала психологиясына әсері, интернет пен телефонға тәуелділік, сондай-ақ балаға күнделікті көңіл бөлу мәселелері бойынша сұрақтар қойылды.
    Ата-аналар өз ой-пікірлерін ортаға салып, бала тәрбиесінде жиі кездесетін мәселелермен бөлісті. Сонымен қатар жиын барысында әр отбасы мен білім беру ұйымы алдағы уақытта бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қандай нақты қадамдар жасай алатыны жөнінде пікір алмасты.
    Жиында айтылғандай, бала қауіпсіздігі – тек мектептің немесе белгілі бір мекеменің міндеті емес. Бұл – ата-ана, ұстаз, маман және тұтас қоғам болып атқаратын ортақ жауапкершілік.
    Баланың жан дүниесіне үңілу, оны тыңдай білу, қиындыққа тап болған сәтінде қолдау көрсету және сенімді қарым-қатынас орнату – жасөспірімдер арасында түрлі келеңсіз жағдайлардың алдын алудың маңызды тетіктерінің бірі.
    Жиын соңында қатысушылар бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету, отбасылық құндылықтарды нығайту және жасөспірімдерге психологиялық қолдау көрсету бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін атап өтті.
    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Отырар ауданы әкімінің аппараты" жаңалықтары