«Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-нің Цемент кентіндегі кітапхана-бөлімшесінің қызметкерлері «100 кітап» жобасы аясында «Кітап – адамзат қазынасы» атты кітапханалық квест өткізді.
Іс-шараның басында кітапхана қызметкері отандық және әлемдік әдебиетті насихаттауға, өскелең ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған «100 кітап» ұлттық жобасының тарихы және оның оқу мәдениетін дамытудағы маңызы туралы ақпарат берді.
Әрі қарай қатысушыларға Абайдың «Қара сөздері» мен өлеңдері, Шәкәрімнің «Еңлік-Кебек» поэмасы және Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамал» романы сынды жобаға енген бірнеше кітап таныстырылды.
Шара жалғасында бірнеше кезеңді қамтитын кітапханалық квест болды. Әр кезеңде әдебиет, кітап және оқу тақырыптарына байланысты сұрақтар ұсынылды. Әр дұрыс жауап қатысушыларға квесттің келесі кезеңіне өтуге мүмкіндік берді.
Бірінші кезеңде қатысушылар танымал әдеби шығармалардың аттары бойынша олардың авторларын анықтады.
Келесі екінші кезең ұсынылған үзінді бойынша авторды тапты.
Үшінші кезең жастардың ерекше қызығушылығын тудыратын шығармалар мен тұлға психологиясы, эмоциялар мен тұлғааралық қатынастар туралы білімді кеңейтуге ықпал ететін заманауи психологиялық әдебиеттермен танысуға арналды.
Қорытынды кезең қатысушылардың сүйікті кітаптарына арналды. Әрбір қалаушы өзіне ерекше әсер қалдырған шығарма туралы айтып, қызығушылықтарымен бөлісті және неліктен дәл осы кітап оның жеке оқу тарихында маңызды орын алатынын түсіндірді.
Қалалық орталық кітапхана








