Астанада Qazaq Creative Hub орталығында белгілі жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Мұқановамен шығармашылық кездесу өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Креативті индустрияларды дамыту қоры «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонын іске асыруға қосылып, осы бағыттағы алғашқы іс-шарасын «Автормен кездесу» жобасы аясында ұйымдастырады. Бұл бастама кітап оқу мәдениетін дамытуға, отандық әдебиетті насихаттауға және қаламгерлер мен оқырмандар арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған.
Шығармашылық кездесуде Роза Мұқанованың әдеби мұрасы, қаламгерлік жолы мен туындыларының көркемдік ерекшеліктері талқыланады. Атап айтқанда, адам тағдыры, тарихи жады мен рухани құндылықтарды арқау еткен «Мәңгілік бала бейне» шығармасына ерекше назар аударылады.
Кездесу барысында қатысушылар жазушымен еркін пікір алмасып, шығармаларының жазылу тарихымен танысады, қазіргі қазақ әдебиетінің өзекті мәселелерін талқылап, өздерін қызықтырған сұрақтарын қоя алады.
Қордың республикалық марафонға қатысуы әдебиет пен креативті индустриялар арасындағы байланысты кеңейтуге, кітап оқуды насихаттаудың заманауи форматтарын енгізуге және отандық авторлардың шығармаларын жаңа аудиторияға танытуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, іс-шара 24 қазан күні Qazaq Creative Hub, Жошы хан көшесі, 16/2 мекенжайында өтеді.









