Астананың Нұра ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында Республика күніне арналған «Елім деп соқсын жүрегім!» атты кеш өтті. Мереке күні қарсаңында белсенді еріктілер марапатталып, орталықтың өнерпаздары патриоттық әндер мен ұлттық музыкалық туындылар орындады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Мерекелік кеште Астана қаласы Нұра ауданы әкімі аппаратының Әлеуметтік сала бөлімі басшысы Алмас Қабдрахманов орталық қызмет алушыларының қоғамдық өмірге белсенді араласып, елорданың дамуына қосып жүрген үлесін атап өтті.
«Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында қоғамдық өмірге белсене араласатын азаматтар бар. Сіздер елордада ұйымдастырылатын түрлі іс-шараға қатысып, қаланың көркеюіне, дамуына үлестеріңізді қосып келесіздер. Қоғамдық бастамаларға атсалысып, белсенділік танытудың маңызы зор. Баршаңызды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!», – деді Алмас Қабдрахманов.
Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қызмет алушысы Жамалхан Баженқызы мекемеде өтетін үйірмелердің аға буын өкілдері үшін маңызына тоқталды. Ол орталыққа үш жылдан бері қатысып, тоғызқұмалақпен айналысатынын және осы бағытта бірқатар жеңіске жеткенін жеткізді.
«Біздің орталықта көптеген үйірме бар. Түрлі пайдалы іспен айналысып, уақытымызды тиімді өткіземіз. Мұнда жүргеніме үш жыл болды. Тоғызқұмалақ үйірмесіне қатысып, осы уақыт ішінде көптеген жеңіске жеттім. Республика күні қарсаңында еңбегімізді ескеріп, құрмет көрсетіп, бізді мерекемен құттықтап жатқан орталық қызметкерлеріне шын жүректен алғыс айтамын. Осындай ортада өзімізді қоғамның белсенді мүшесі ретінде сезініп, жаңа жетістіктерге ұмтыламыз», – деді Жамалхан Баженқызы.









