Астанада «Ән-жырым саған, Қазақстан!» атты мерекелік концерт өтті

    1 / 4

    Елорданың Алматы ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында Республика күніне орай «Ән-жырым саған, Қазақстан!» атты мерекелік концерт өтті, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

    Мерекелік кеште қатысушылар қазақтың халық әндерін және танымал музыкалық шығармаларды орындап, көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады.

    «Мәдениет саласында 48 жыл еңбек еттім. Зейнетке шыққаннан кейін өзімнің құрдастарымды жинап, олардың бос уақытын тиімді өткізуіне, өнермен айналысуына жағдай жасауға атсалыстым. Соңғы төрт-бес жылда «Әдемі» халықтық ансамблін құрдық. Сондай-ақ орыс халқының әндерін орындайтын «Березка» ансамблін аштық. Әр ұлттың өкілдері өз өнерін көрсетіп, бір ортада бас қосуына мүмкіндік бар», – деді Орталықтың ардагерлермен жұмыс жөніндегі ұйымдастырушысы Бақытжан Төлеубаева.

    Сонымен қатар орталық жанынан ұлттық өнерді дәріптейтін «Тамға» фольклорлық ансамблі жұмыс істейді. Ұжым қобыз, домбыра, сырнай және өзге де ұлттық музыкалық аспаптарды қолдана отырып, ұмыт бола бастаған өнер үлгілерін жаңғыртуға үлес қосып келеді. Бақытжан Төлеубаеваның айтуынша, ансамбль Қытайда өткен өнер байқауынан Гран-при иеленіп, ұжымның мерейін үстем еткен.

    Орталыққа жалпы саны 5 мыңға жуық адам тіркелген. Күн сайын мұнда шамамен 500 адам келіп, өздерінің қызығушылықтарына қарай түрлі сауықтыру және шығармашылық сабақтарына қатысады. Сабақтар келушілердің кестесіне сәйкес ұйымдастырылады. Орталықта омыртқаны созуға арналған арнайы жаттығулар, оңалту гимнастикасы мен пилатес сабақтары да өткізіледі. Мұндай жұмыстар егде жастағы адамдардың денсаулығын нығайтып, қимыл-қозғалыс белсенділігін арттыруға бағытталған.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Астана қаласының әкімдігі" жаңалықтары