ICAO Security Week 2026 – халықаралық қоғамдастық жаһандық авиациялық қауіпсіздікті нығайтудың басым бағыттарын айқындады

    1 / 9

    Астанада 20–22 қазан аралығында Қазақстанда алғаш рет өткен Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) 2026 жылғы Авиациялық қауіпсіздік апталығы – ICAO Security Week 2026 аяқталды. Ауқымды халықаралық іс-шараға әлемнің 62 елінен 1000-нан астам қатысушы жиналып, заманауи сын-қатерлерді талқылауға, тәжірибе алмасуға және авиациялық қауіпсіздік саласындағы практикалық шешімдерді әзірлеуге арналған маңызды алаңға айналды.

    Симпозиумның қорытынды іс-шарасы «Астанадан үндеулері» (Messages from Astana) атты сессия болды. Оның барысында халықаралық пікірталастардың қорытындылары шығарылып, жаһандық авиациялық қауіпсіздік жүйесін нығайту бағытындағы алдағы бірлескен жұмыстың негізгі басымдықтары айқындалды.

    Сессияға ИКАО Бас хатшысы Хуан Карлос Саласар, Қазақстан Республикасы көлік вице-министрі Талғат Ластаев, ИКАО-ның Еуропалық және Солтүстік Атлантикалық өңірлік бюросының (EUR/NAT) өңірлік директоры Николас Ралло, сондай-ақ Сингапур Көлік министрлігінің халықаралық қатынастар және қауіпсіздік жөніндегі аға директоры Бернард Лим қатысты.

    Қарқынды өзгеріп жатқан қатерлер жағдайында авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету халықаралық стандарттарды жетілдірумен ғана шектелмейді. Ол ұлттық және өңірлік деңгейлерде нақты шаралар қабылдауды, мемлекеттер арасындағы сенімді нығайтуды, ақпарат алмасуды және заманауи технологияларды енгізуді талап етеді.

    ИКАО Өңірлік бюросының атынан Николас Ралло бюро жүйелі түрде жүзеге асыруды жоспарлап отырған негізгі міндеттерді атап өтті. Олардың қатарында, атап айтқанда, Авиациялық қауіпсіздік және формальдылықтарды оңайлату жөніндегі өңірлік топ арқылы өңірлік ынтымақтастықты нығайту, әріптестікті кеңейту және кәсіби әлеуетті дамыту, соның ішінде ИКАО-ның оқу орталықтарымен ынтымақтастықты күшейту бар. Бұл ретте инновацияларға, мамандарды даярлауға және олардың біліктілігін арттыруға ерекше назар аударылады. Сонымен қатар өңіраралық өзара іс-қимыл мен сенімді нығайтуға басымдық беріледі.

    «Әңгіме қауіпсіздікті қамтамасыз етудің әртүрлі бағыттары арасындағы байланысты нығайту, сондай-ақ өңірлер мен халықаралық әріптестер арасындағы өзара іс-қимылды дамыту туралы болып отыр. Ешбір мемлекет қазіргі заманғы барлық қатерге өз бетінше қарсы тұра алмайды. Сол сияқты ешбір өңір де тек өз күшіне сүйене отырып, абсолютті қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан біз бір-бірімізге сеніп, білімімізбен, тәжірибемізбен және ақпаратпен бөлісіп, үйлесімді әрекет етуіміз керек», – деді Н. Ралло.

    Қазақстан Республикасы көлік вице-министрі Талғат Ластаев өз сөзінде практикалық тұрғыда іске асырылуы тиіс «Астанадан жолданған үндеудің» төрт негізгі бағытын атап өтті.

    Біріншіден, ұлттық авиациялық қауіпсіздік жүйелерін жетілдіру үздіксіз үдеріс болуы қажет. Нақты шаралар мемлекеттердің ұлттық жағдайлары мен мүмкіндіктерін ескере отырып, тәжірибеде нақты нәтижелерге қол жеткізуге бағытталуы тиіс.

    Екіншіден, киберқауіпсіздік, жүк және пошта тасымалдарының қорғалуын қамтамасыз ету, қақтығыс аймақтарына жақын жерлерде ұшу тәуекелдері және ұшқышсыз жүйелерді заңсыз пайдалану мәселелері тұрақты назар мен келісілген шешімдерді талап етеді. Цифрландыру мен жасанды интеллект жаңа мүмкіндіктер ашқанымен, қатерлердің сипатын да өзгертуде. Сондықтан мемлекеттер арасындағы ақпарат алмасу мен өзара іс-қимылды нығайту қажет.

    Үшіншіден, халықаралық ынтымақтастықтың маңызы зор. Мемлекеттердің мүмкіндіктері әртүрлі болғанымен, барлығымыздың ортақ мүддеміз – авиацияның қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету.

    «Төртіншіден, адам капиталына инвестиция салу – халықаралық азаматтық авиацияны дамытудың қажетті шарты. Заманауи инфрақұрылым мен технологиялар білікті мамандардың орнын баса алмайды. Қазақстан авиациялық білім беруді және кәсіби құзыреттерді дамытуға ерекше көңіл бөледі. Осы бағытта авиация саласына мамандар даярлайтын жаңа бейінді жоғары оқу орнын құруды жоспарлап отырмыз», – деді Қазақстан Республикасы көлік вице-министрі.

    Сессияны қорытындылай келе, ИКАО Бас хатшысы Хуан Карлос Саласар Астанада өткен ИКАО Авиациялық қауіпсіздік апталығының нәтижелері бойынша өз тұжырымдарымен бөлісті. Ол қатерлерді алдын ала болжай білу және олардың алдын алу үшін уақтылы әрекет ету күнделікті тәжірибеге айналуы тиіс екенін атап өтті. Ол үшін оқиғалар, туындауы ықтимал тәуекелдер және қауіпсіздік саласындағы өзгерістер туралы қолжетімді барынша толық әрі сенімді ақпаратты пайдалану қажет. Бұл – әрбір мемлекет пен әрбір авиациялық оператор үшін қолжетімді болуға тиіс авиациялық қауіпсіздік жүйесінің маңызды құрамдас бөлігі.

    «Жаһандық авиациялық қауіпсіздікті нығайту мемлекеттердің ішінде де, олардың арасында да тығыз ынтымақтастықты, әртүрлі салалардың, мемлекеттік органдардың, авиациялық ұйымдар мен халықаралық әріптестердің өзара іс-қимылын талап етеді. Сонымен қатар авиациялық қауіпсіздіктің негізінде әрдайым адам тұратынын ұмытпауымыз керек. Технологиялар, нормативтік талаптар мен заманауи қорғаныс жүйелері авиациялық қауіпсіздіктің қажетті негізін қалыптастырады. Алайда түптеп келгенде олардың тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ететін – адамдар», – деп атап өтті ИКАО Бас хатшысы.

    Үш күнге созылған халықаралық диалог барысында жаһандық сын-қатерлерді айқындаудан бастап, практикалық шешімдерге дейінгі кең ауқымды мәселелер қамтылды. Бағдарламада ИКАО-ның Авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаһандық жоспарын (GASeP) іске асыру мәселелеріне ерекше орын берілді. Талқылау барысында талаптарды формалды түрде орындаудан нақты әрі тұрақты нәтижелерге қол жеткізуге көшу қажеттігіне баса назар аударылды.

    Сондай-ақ пікірталастар барысында мемлекеттік қадағалау жүйесін жетілдіру, тексеру нәтижелері бойынша түзету шараларын әзірлеу және ИКАО стандарттарын іске асыру тиімділігін арттыру мәселелері талқыланды.

    Кәсіби талқылаулардың едәуір бөлігі авиация саласының цифрландырылуы аясында ерекше өзекті болып отырған қатерлерге арналды. Сарапшылар әуежайлар мен авиакомпаниялардың аса маңызды ақпараттық жүйелерін қорғау, кибершабуылдарға қарсы іс-қимыл және авиациялық инфрақұрылымның орнықтылығын қамтамасыз ету мәселелерін қарастырды.

    Ұшқышсыз авиациялық жүйелерден туындайтын қатерлерді талқылау барысында қатысушылар мемлекеттер, авиация саласы және ұлттық қауіпсіздікке жауапты құрылымдар арасындағы үйлестіруді күшейту қажеттігі туралы ортақ пікірге келді.

    Тағы бір маңызды тақырып қаржылық, кадрлық және уақыт ресурстары шектеулі жағдайларда авиациялық қауіпсіздік жүйелерін тұрақты дамыту болды. Сарапшылар әуежайлар мен авиациялық ведомстволардың қорғаныс жүйелерінің тиімділігі мен сенімділігін сақтай отырып, заманауи технологияларды қалай енгізе алатынын талқылады.

    Саланың орнықтылығын қамтамасыз етудегі кәсіби әртүрлілік пен адами фактордың рөліне арналған панельдік сессия да ерекше қызығушылық тудырды. Қатысушылар көшбасшылық қасиеттерді, кәсіби құзыреттерді және тең мүмкіндіктерді дамытудың авиациялық қауіпсіздік жүйесінің тиімділігін арттыруға қалай ықпал ететінін талқылады.

    ИКАО Бас хатшысы Хуан Карлос Саласардың қатысуымен өткен сессияда жастарды авиация саласына тарту, кәсіби білім беруді жетілдіру және мамандардың ұрпақтары арасында білім мен тәжірибе алмасуды қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

    Авиациялық қауіпсіздік апталығының басты қорытындысы – авиациялық қауіпсіздікті одан әрі дамыту нақты іс-қимылдарға, халықаралық ынтымақтастық пен ынтымаққа, сондай-ақ мемлекеттердің жаңа сын-қатерлерге уақтылы бейімделу қабілетіне негізделуі тиіс деген ортақ түсініктің қалыптасуы болды.

    Астанада ICAO Security Week 2026 өткізілуі Қазақстан мен бүкіл Орталық Азия өңірі үшін маңызды оқиғаға айналып, елдің халықаралық авиациялық күн тәртібіндегі рөлінің артып келе жатқанын көрсетті.

    ИКАО Бас хатшысы мен Апталыққа қатысушылар іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, Қазақстан тарапының қонақжайлығы мен жылы қабылдауына жоғары баға берді.

    Қазақстан халықаралық стандарттарды енгізуге ғана емес, авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңа тәсілдерін қалыптастыруға, кәсіби ынтымақтастықты дамытуға және ИКАО бастамаларын ілгерілетуге белсенді қатысуға дайын екенін көрсетті.

    ICAO Security Week 2026 аясында айқындалған міндеттер мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың жаһандық авиациялық қауіпсіздік жүйесін нығайту және азаматтық авиацияның қауіпсіз болашағын қамтамасыз ету жолындағы алдағы бірлескен жұмысына негіз болады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі" жаңалықтары