Түнгі уақытта белгісіз адам дүкенге сыртқы терезе арқылы кіріп, іштен ақша қаражаты мен азық-түлік өнімдерін жасырын түрде алып кеткен. Ұрлық фактісі бойынша полиция қызметкерлері дүкендегі бейнебақылау камераларының жазбаларын зерделеп, күдіктінің әрекетін кезең-кезеңімен анықтады.
Бейнежазбаларды қарау барысында белгісіз адамның жабылмайтын желдеткіш терезе арқылы дүкеннің ішіне кіргені белгілі болды. Аталған терезенің сыртқы жағында жарнамалық баннер орнатылған. Бұл жағдай дүкенге кірген адамның әрекетін сырт көзден жасыруына мүмкіндік берген. Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде ұрлыққа қатысы бар елорда тұрғыны анықталды.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Полиция кәсіпкерлерге сауда орындарының қауіпсіздігіне ерекше назар аударуды, терезелер мен есіктердің жарамдылығын тұрақты түрде тексеруді, сондай-ақ бейнебақылау жүйелерінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуді ескертеді.
Полиция дүкенді қорғаудағы ұсақ олқылықтың өзі қылмыскерлер үшін мүмкіндікке айналуы мүмкін екенін ескертеді. Сондықтан сауда нысандарының қауіпсіздік талаптарын сақтап, күдікті жағдайлар байқалған кезде дереу полицияға хабарласқан жөн.









