Полиция подполковнигі Абай Нұриев — әке жолын жалғап, ел тыныштығы мен қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлесін қосып жүрген тәртіп сақшыларының бірі. Ішкі істер органдарындағы қызметін 2012 жылы бастаған Абай бүгінде Астана қаласы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасында қызмет атқарады.
Елорданың тумасы үшін құқық қорғау саласын таңдау — кездейсоқ шешім емес, отбасынан дарыған өнеге мен қалыптасқан дәстүрдің жалғасы. Оның әкесі — полиция полковнигі, ішкі істер органдарының ардагері Нияз Нұриев. Ғұмырын заң мен құқықтық тәртіпті сақтауға арнаған әкесінің еңбек жолы Абай үшін әрдайым үлгі болып келеді. Ал бауыры прокуратура органдарында қызмет етеді. Осылайша заң мен тәртіпті ту еткен әулетте адалдық, жауапкершілік және Отанға қызмет ету сынды асыл қасиеттер ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді.
Құқық қорғау қызметі кәсіби біліктілікпен қатар, табандылықты, сабырлықты, шапшаң шешім қабылдауды және кез келген жағдайда салқынқандылық таныта білуді талап етеді. Абай Нұриев бойындағы осы қасиеттерді спорт арқылы да шыңдап келеді. Ол жасөспірім кезінен грек-рим күресімен айналысып, спорт шеберлігіне үміткер атанған. Күрес оның физикалық дайындығын нығайтып қана қоймай, мінезін шыңдап, тәртіпке, төзімділікке және алға қойған мақсатқа табандылықпен жетуге үйретті.
Қызметтен тыс уақытта Абай кітап оқуды және балық аулауды ұнатады. Сондай-ақ музыкалық мектепті тәмамдаған. Бұл оның жан-жақты дамуына, рухани дүниесін байытып, өмірге деген көзқарасын кеңейтуіне ықпал еткен.
Абайдың өміріндегі ең қымбат құндылықтардың бірі — отбасы. Жұбайымен бірге үш қыз тәрбиелеп отырған ол бала тәрбиесіне ерекше мән береді. Қыздарының бойына еңбекқорлықты, жауапкершілікті және бастаған ісіне адал болуды сіңіріп, оларға өнегелі үлгі көрсетіп келеді.
Абайдың өмір жолы — отбасылық дәстүрге адалдықтың, ұрпақтар сабақтастығының және таңдаған мамандығына деген жауапкершіліктің айқын көрінісі. Әке аманатына адал болып, ел тыныштығы мен қоғам қауіпсіздігі жолында қызмет етіп жүрген ол құқық қорғау саласындағы ізгі дәстүрлерді жалғастырып келеді. Заңға құрмет пен елге қызмет етуді өмірлік ұстанымына айналдырған осындай азаматтардың еңбегі — жас ұрпаққа үлгі.









