Түркістандағы «Фараб» облыстық кітапханасында ««Сырдария өзені алабының орта және төменгі ағысындағы түркі мәдениеті» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Жиынды «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы мен Ислам тарихы, өнері және мәдениетін зерттеу орталығы (IRCICA) ұйымдастырды.
Конференцияға Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресейден келген 400-ге жуық ғалым, зерттеуші, сала маманы, оқытушы мен студент қатысты.
Жиында Сырдария өңірінің тарихи, археологиялық, сәулет, жазба және рухани мұрасын сақтау және аймақтың ислам өркениетіндегі орнын ғылыми тұрғыдан зерделеу мәселелері талқыланды. Пленарлық отырыста ғалымдар өңірдің тарихы мен мәдениетіне қатысты ғылыми баяндамалар жасады.
Конференция жұмысы төрт секцияда жалғасты. Онда көне қалалардың материалдық мұрасы, тарихи және рухани сабақтастық, Қожа Ахмет Ясауидің жазба мұрасы мен түркі мәдениетіне қатысты заманауи зерттеулер қарастырылды.
Ғасырлар бойы Отырар, Ясы, Сауран және Сығанақ қалалары Орталық Азиядағы мәдени және сауда байланыстарының маңызды орталықтары болған. Бұл шаһарлар ғылым мен білімнің өркендеуінде, ислам мәдениетінің кеңінен таралуында айрықша маңызға ие еді.
Конференция соңында қатысушылар ғылыми зерттеулерінің нәтижелерін ортаға салып, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі








