Душанбедегі халықаралық кітап жәрмеңкесінде қазақстандық кітаптар таныстырылды

    Тәжікстан астанасы Душанбеде XIV «Китоби Душанбе» халықаралық кітап жәрмеңкесі басталды. Жиынға 10-нан астам елдің баспа ісі мамандары, кітапхана қызметкерлері, жазушылар мен кітапсүйер қауым қатысып жатыр.

    Жәрмеңке кітап оқу мәдениетін насихаттау, баспа ісін дамыту және елдер арасындағы мәдени байланысты нығайтуға бағытталды.

    Кітап жәрмеңкесінде қазақстандық баспалардың кітаптары, соның ішінде «Абай Құнанбайұлының қара сөздері», «Әлия Молдағұлова. Өшпес ерлік», «Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» және басқа да туындылар көпшілікке ұсынылды.

    Іс-шара аясында өткен конференцияда Қазақстан Республикасы Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының қызметкері Ақмарал Балташқызы кітап оқуды насихаттау тақырыбында баяндама жасап, еліміздің осы бағыттағы тәжірибесін ортаға салды.

    Халықаралық жәрмеңкеде ұлттық әдебиетті кеңінен таныту, баспа ісіндегі тәжірибелерді бөлісу және түрлі елдердің баспалары арасындағы байланысты дамыту мәселелері талқыланды.

    ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі" жаңалықтары