Астанада «Мың бала» республикалық жобасының гала-концерті өтті

    1 / 7

    Республика күні қарсаңында Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасының гала-концерті өтті.

    «Мың бала» жобасының басты мақсаты – түрлі этнос өкілдерінің жасөспірімдерін мемлекеттік тілді меңгеруге ынталандыру, шығармашылық арқылы қазақ халқының ұлттық құндылықтарын дәріптеу және ел бірлігін нығайту.

    Мемлекет басшысы мемлекеттік тілдің қоғамды біріктірудегі рөліне айрықша мән береді. Осы орайда жоба қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге, жастардың шығармашылық қабілетін дамытуға және ұлттық мәдениетке қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.

    Гала-концерт барысында ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Рустам Әли байқау жеңімпаздарын марапаттап, дипломдар мен естелік сыйлықтар табыстады.

    Іс-шарада жас ұрпақты қолдау мәселесі айрықша аталып өтті. Биыл Президенттің тапсырмасымен балалардың жан-жақты дамуына, соның ішінде шығармашылық қабілеттерін шыңдауына жағдай жасауды көздейтін «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы бекітілді.

    Концерт барысында сахнаға байқаудың өңірлік кезеңдерінде жеңіске жеткен өнерпаздар шықты. Қатысушылар домбырамен қазақтың күйлерін орындап, термелер мен Отанға, ұлттық құндылықтарға арналған әндерді шырқады.

    Айта кетейік, биыл «Мың бала» жобасы аясында еліміздің барлық өңірінде 100-ден астам іс-шара ұйымдастырылып, оған мектептер мен колледждердің 1600-ден астам оқушысы қатысты.

    ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі" жаңалықтары