Абай облысының білім басқармасында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу және білім беру ұйымдары қызметкерлерінің осы бағыттағы рөлін айқындау мәселелеріне арналған ақпараттық-әдістемелік кеңес өтті.
Кеңесті Абай облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Темірлан Шалқарұлы Қалелов жүргізді. Іс-шараға орта және кәсіптік білім беру ұйымдарының басшылары мен жауапты мамандары, сондай-ақ ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Абай облысы бойынша департаментінің өкілдері қатысып, білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, деструктивті идеологиялардың алдын алу және төтенше жағдайлар кезінде дұрыс әрекет ету мәселелері талқыланды.
Облыстық білім басқармасының «Өңірлік психологиялық қолдау әдістемелік орталығы» КММ әдіскері Арайлым Ермекқызы Байботанова білім беру ұйымдары қызметкерлерінің профилактикалық жұмыс жүргізудегі рөлі, білім алушылардың психологиялық жағдайына назар аудару, тәуекел белгілерін ерте анықтау және психологиялық-педагогикалық қолдауды ұйымдастыру мәселелері бойынша баяндама жасады.
Сонымен қатар терроризм қаупі туралы ақпарат түскен кезде іс-қимыл, білім беру ұйымдары басшылары мен қызметкерлерінің міндеттерін және уәкілетті органдармен өзара іс-қимыл тәртібі түсіндірілді.
Кеңес барысында білім беру ұйымдарында профилактикалық жұмыстарды жүйелі жүргізу, білім алушылар мен ата-аналар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту, интернет кеңістігіндегі қауіп-қатерлер туралы хабардарлықты арттыру және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру қажеттігі атап өтілді.
Іс-шара қорытындысы бойынша білім беру ұйымдарының басшылары мен жауапты мамандарына қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, қызметкерлерге тиісті нұсқама жүргізу, құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылды нығайту және анықталған қауіп-қатерлер туралы ақпаратты белгіленген тәртіппен уақтылы жеткізу міндеттері жүктелді.
Балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытындағы жұмыстарды тиімді ұйымдастыру білім беру ұйымдарының басым міндеттерінің бірі болып қала береді.
Материал Абай облысы бойынша ТҚК аппаратының ақпараты негізінде дайындалды









