Газ-түтіннен қорғау қызметінің мамандары іс жүзінде

    1 / 7

    Маңғыстау атом энергетикалық комбинатының ( МЭК ) аумағында Маңғыстау облысы ТЖД газ- түтін қорғаушыларымен жоспарлы практикалық сабақтар өтті

    Жаттығулардың мақсаты - газ-түтіннен қорғау қызметі мамандарының адамдарды құтқару, өрттерді сөндіру және тыныс алуға жарамсыз ортада төтенше жағдайларды жою кезіндегі кәсіби дағдыларын жетілдіру.

    Жаттығу барысында өрт сөндірушілер жоғары температура, қою түтін және көріну мүмкіндігі шектеулі жағдайларда әрекет ету машықтарын шыңдады.

    Жаттығу басталар алдында өрт сөндірушілер сығылған ауамен жұмыс істейтін Dräger тыныс алу аппараттарының жарамдылығын тексерді.

    Одан кейін қатысушылар бейтаныс ғимарат ішінде, толық көрінбейтін жағдайда іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізуді пысықтады. Жаттығулар өрт сөндірушінің жауынгерлік киімімен, тыныс алу аппараттарымен, жарық беретін шамдармен және арнайы құрал-саймандармен толық жабдықталған күйде орындалды.

    Тапсырмалардың күрделілігі кезең-кезеңімен арттырылды. Газ-түтіннен қорғау қызметінің мамандары тар өткелдерден өтіп, түрлі кедергілерді еңсерді, айналаны сипап бағдарлау арқылы қозғалды, баспалдақты құрылымдармен көтерілді. Сондай-ақ шартты түрде зардап шеккен адамды тауып, оны қауіпсіз жерге эвакуациялады.

    Мұндай жаттығулар өрт сөндірушілердің кәсіби шеберлігін арттыруға, командалық үйлесімділігін нығайтуға және күрделі жағдайларда жедел әрі дұрыс шешім қабылдауға дайындығын жетілдіруге мүмкіндік береді. Өйткені төтенше жағдай кезінде адамдардың өмірі құтқарушылардың шапшаңдығына, төзімділігіне және іс-қимылының дұрыстығына байланысты.

    Маңғыстау облысы ТЖД

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаменті" жаңалықтары