Бір кездері радикалды идеялардың ықпалына түскен адам өз көзқарасын өзгерте ала ма? Бұл көбіне оның ашық әңгімеге дайын болуына, дұрыс діни білім алуына және жеке жауапкершілігін сезінуіне байланысты.
Астана қаласындағы №64 республикалық мемлекеттік мекемеде сотталғандар арасында діни сауаттылықты арттыруға, рухани құндылықтарды дәріптеуге және экстремизмнің алдын алуға арналған бірқатар іс-шара өткізілді.
«Qamqor-Astana» қоғамдық қорының теологтері 18 жеке кездесу ұйымдастырды. Әңгімелесу барысында мамандар дәстүрлі діни ілім мен радикалды идеологиялық ұстанымдардың айырмашылығын түсіндірді. Жаңсақ сенімдерді қайта қарауға, заңды құрметтеуге және экстремистік насихатқа сын көзбен қарауға ерекше мән берілді.
Сонымен қатар «Ислам – бейбітшілік діні» және «Келісім мен тәртіп» тақырыптарында екі топтық дәріс өтті. Әр дәріске 11 адам қатысты. Тыңдаушыларға бейбітшілікке ұмтылудың, діни төзімділіктің және өз іс-әрекетіне жауапкершілікпен қараудың маңызы түсіндірілді.
Кездесулер ашық пікір алмасу форматында өтті. Сотталғандар өздерін толғандырған сұрақтарды қойып, діни көзқарастарын талқылауға және мамандардан нақты түсіндірме алуға мүмкіндік алды.
Қатысушылардың пікірінше, мұндай әңгімелер рухани құндылықтарға жаңаша қарауға, шынайы діни білімді бұрмаланған түсініктерден ажыратуға және өз болашағы туралы ойлануға көмектеседі.
Өмірге жаңаша көзқарас қалыптастыру диалогтен басталады. Сондықтан жеке түсіндіру жұмыстары мен рухани ағарту ісі радикализмнің алдын алуда және сотталғандарды қоғамға қайта бейімдеуде маңызды орын алады.
Материал Астана қаласы Антитеррорлық комиссиясы аппаратының ақпараты негізінде дайындалды








