Қазақстан мен Армения орманды қалпына келтіру және сирек кездесетін түрлерді сақтау саласындағы ынтымақтастықты талқылады



    Ереван, 2026 жылғы 21 қазан

    Ереванда өткен БҰҰ-ның Биологиялық әртүрлілік туралы конвенциясы Тараптарының 17-ші конференциясы (КС-17) аясында ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев Армения Республикасы Қоршаған орта министрінің орынбасары Арам Меймарянмен кездесті.

    Қазақстан тарапы Арменияға Конференцияны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны және Орталық Азия елдерінің «Өңірдің орнықты дамуы үшін табиғатпен үйлесім» бастамасын қолдағаны үшін алғыс білдірді.

    Данияр Тұрғамбаев Қазақстанның орманды қалпына келтіру саласындағы басымдықтары, оның ішінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауқымды орман отырғызу және Арал теңізінің құрғаған табанындағы орман мелиорациясы жұмыстары туралы айтты. 2026 жылғы сәуірде өңір елдері қабылдаған және 2035 жылға дейін қорғаныш орман белдеулерін құруға бағытталған «Орталық Азияның жасыл қалқаны» бастамасына ерекше назар аударылды.

    Тараптар сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды басқару және сирек кездесетін түрлерді қалпына келтіру мәселелерін талқылады. Қазақстан тарапы ақбөкен мен қар барысы санының өсуі, сондай-ақ жолбарыс пен Пржевальский жылқысын қайта жерсіндіру бағдарламалары туралы баяндады.

    Армения тарапы Қазақстандағы жолбарысты қайта жерсіндіру бағдарламасына және «Орталық Азияның жасыл қалқаны» бастамасына ерекше қызығушылық танытты.

    Кездесуге қатысушылар екі елге ортақ міндеттерді атап өтті: ірі мысық тұқымдас жануарларға мониторинг жүргізу, таулы аймақтардағы тұяқты жануарларды қорғау және жабайы жануарлар мен жергілікті тұрғындар арасындағы қақтығыстарды азайту.

    Кездесу қорытындысы бойынша тараптар орман шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды басқару және сирек кездесетін түрлерді сақтау салаларында тәжірибе алмасуды жалғастыруға, екі елдің қорықтары, ұлттық парктері мен ғылыми ұйымдары арасында ынтымақтастық орнатуға және халықаралық серіктестердің жобаларына бірлесіп қатысу мүмкіндігін қарастыруға келісті. Қазақстан мен Арменияның ынтымақтастығы Куньмин-Монреаль жаһандық негіздемелік бағдарламасы мен КС-17 шешімдерін іске асыруға үлес қосады.
    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті" жаңалықтары