Бородулиха ауданында Достық үйі күрделі жөндеуден өтіп, аллея абаттандырылды

    1 / 12

    Облыс әкімі Берік Уәли Бородулиха ауданының орталығы Бородулиха ауылындағы бірнеше нысанды аралады. Күрделі жөндеуден өткен Достық үйінің қызметімен танысып, абаттандырылған аллеяны аралап көрді.

    Достық үйі 2011 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда мекемеде 6 қызметкер еңбек етеді. Мұнда 4 үйірме мен клуб жұмыс істеп, оған 70 адам қатысады.

    Достық үйінде 6 этномәдени бірлестік («Дәстүр» қазақ мәдени, «Славянка» және «Родник» орыс этномәдени, «Ләйсан» татар этномәдени, «Смерічка» украин этномәдени және «Возрождение» неміс этномәдени бірлестіктері) бар. Сонымен қатар мекеме жанында қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған бірқатар құрылым жұмыс істейді. Олар 19 Ақсақалдар кеңесі (1 аудандық және 18 ауылдық), 19 Аналар кеңесі (1 аудандық және 18 ауылдық), «Ассамблея жастары» ұйымы және Волонтерлік қозғалыс орталығы.

    Биыл ғимаратта күрделі жөндеу жүргізіліп, кабинеттерді жабдықтауға 38,4 млн теңге бағытталды. Жөндеу барысында терезелер мен еден жабындары, баспалдақ қоршаулары және электр қазандығы ауыстырылды. Сондай-ақ, қабырғалар мен есіктер сырланып, кіреберіс бөлігі кеңейтілді. Бұдан бөлек, музей экспозициясына арналған интерактивті үстел, көше киіз үйі сатып алынды.

    Жаңартылған ғимаратты аралап көрген аймақ басшысы этномәдени бірлестіктердің жұмысына қолайлы жағдай жасаудың маңызын атап өтті.

    «Бұған дейін бұл ғимараттың жағдайы өте нашар болатын. Үш айдың ішінде сапалы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, еліміздің басты мерекелерінің бірі – Республика күні қарсаңында сіздерге осындай жайлы әрі жаңарған ғимаратты ұсынып отырмыз. Бұл – ауданның қоғамдық өмірінде өзіндік орны бар, түрлі этнос өкілдерін ортақ мақсатқа ұйыстыратын маңызды мекеме. Ендігі міндет – жаңартылған ғимаратты тиімді пайдаланып, қоғамдық келісім бағытындағы жүйелі жұмысты жалғастыруымыз қажет», – деді Берік Уәли.

    Достық үйінің ұжымы жаңарған ғимаратқа өз ризашылықтарын жеткізді.

    «Бүгін біз үшін ерекше күн. Достық үйінің 15 жылдық мерейтойында осындай еңселі ғимаратқа ие болып отырмыз. Біздің үлкен әрі тату отбасымыз бар екенін өздеріңіз көріп отырсыздар. Енді бәріміздің бас қосып, ортақ мәселелерімізді талқылайтын, өзара ынтымағымызды нығайтып, бірлігімізді бекемдейтін өз шаңырағымыз бар. Бұл – баршамыз үшін үлкен қуаныш», – деді Бородулиха аудандық Достық үйінің директоры Александра Шпилькина.

    Биыл ауыл тұрғындарының демалысына қолайлы жағдай жасау және қоғамдық кеңістікті жаңарту мақсатында аудан орталығындағы Школьная көшесіндегі аллеяны абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Жобаның жалпы құны 51,7 млн теңгені құрады.

    Жоба аясында аллеяға брусчатка төселіп, жарықтандыру жүйесі орнатылды. Сонымен қатар қоқыс жәшіктері біріктірілген орындықтар қойылып, аумақтың қолайлылығы мен көріктілігіне баса назар аударылды.

    Сондай-ақ, аллеяға музыкалық сүйемелдеуі бар «Домбыра» түріндегі шағын сәулет нысаны орнатылды. Бұл нысан қоғамдық кеңістіктің сәнін келтіріп, ұлттық мәдениетімізді насихаттауға үлес қосады. Жаңартылған аллея ауыл тұрғындарының серуендеп, демалуына арналған жайлы орынға айналып, елді мекеннің көркін арттыруға мүмкіндік береді.

    Абаттандыру жұмыстарымен танысқан аймақ басшысы елді мекендерді көркейту жұмыстары жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Абай облысының әкімдігі" жаңалықтары