Астанада Қазақстан мен Қытайдың мұнай-газ кен орындарын игерудің тиімділігін арттыру және заманауи технологияларды енгізу мәселелеріне арналған «Қазақстан–CNPC» IV техникалық семинары өтті. Іс-шараға Энергетика вице-министрі Ерлан Акбаров қатысты.
Ерлан Акбаров Қазақстан мен Қытай арасындағы достық пен стратегиялық әріптестікке негізделген ынтымақтастықтың мұнай-газ саласын технологиялық тұрғыдан дамытуда әлеуеті зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, CNPC компаниясымен өзара іс-қимылға 30 жылға жуық уақыт болды. Осы кезеңде «Ақтөбемұнайгаз» АҚ, PetroKazakhstan тобы және «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ активтеріндегі мұнай өндірудің жиынтық көлемі 350 млн тоннадан асты. Жинақталған тәжірибе мұнай өндіру тиімділігін арттыруға және жер қойнауын ұтымды пайдалануға бағытталған озық шешімдерді одан әрі енгізуге негіз болады.
Вице-министр геологиялық барлау, геологиялық модельдеу, мұнай беруді арттыру, бұрғылау, геофизикалық зерттеулер және кен орындарын игеруді цифрлық басқару салаларында заманауи технологияларды тәжірибеде қолданудың маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ озық технологияларды Қазақстан кен орындарының ерекшеліктеріне бейімдеу мәселесіне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Дацин кен орнында қолданылатын нүктелік су айдау тәжірибесін пайдалану мүмкіндіктері, Қаламқас кен орнында полимерлік су айдау технологиясын енгізу перспективалары, сондай-ақ газ айдау, тұтқырлығы жоғары мұнай кен орындарын игеру, қабатты гидравликалық жару және газлифт технологиялары қарастырылды.
Ерлан Акбаровтың айтуынша, алдағы жұмыстың маңызды бағыттарының бірі – ресурс базасын толықтыру. Осыған байланысты Каспий маңы ойпаты мен Оңтүстік Торғай бассейнінің геологиялық әлеуетін одан әрі зерттеу, сондай-ақ қолданыстағы өндірістік активтердің тұрақты дамуын қамтамасыз ету қажет.
Семинар қорытындысы бойынша 2027–2030 жылдарға арналған технологияларды енгізудің бірлескен жоспарын әзірлеу ұсынылды. Құжатта нақты кен орындары мен пилоттық учаскелерді, жауапты орындаушыларды, қаржыландыру көлемін, іске асыру мерзімдерін және тиімділіктің өлшенетін көрсеткіштерін айқындау көзделеді. Сонымен қатар сынақтардың нәтижелілігін бағалау және технологияларды өнеркәсіптік деңгейде қолдануға көшіру өлшемдерін белгілеу ұсынылады.
Вице-министр жоспарланған іс-шараларды уақтылы қаржыландыру мен сапалы іске асырудың маңыздылығына назар аударды. Оның атап өтуінше, жер қойнауын ұтымды пайдалану, кен орындарының өндірістік әлеуетін сақтау және тиімді технологиялық шешімдерді енгізу жолындағы ортақ жауапкершілік Қазақстанның мұнай-газ саласын тұрақты дамытудың маңызды шарты болып табылады.








