Ауыз су құбырларын жаңарту жұмыстары, ауылдағы ғимараттың пайдаланылуы, мал бағу мен егістікке су жеткізу. Бірлік ауылында Мойынқұм ауданының әкімі Ермек Карентаевпен өткен кездесуде тұрғындар осы мәселелерге назар аударды.
Әңгіме ауылда жүріп жатқан ауыз су құбырларын жаңарту жұмыстарынан басталды. Тұрғындар үшін күнделікті қажеттілік саналатын су мәселесімен қатар, Қазпошта ғимаратын ауыл балансына алу жөніндегі ұсыныс та ортаға салынды.
Шаруашылыққа қатысты сауалдар да аз болған жоқ. Ауыл жұртшылығы қараусыз жүрген малға бада ұйымдастыру қажеттігін айтып, егістікке арналған су беруді реттеу мәселесін көтерді. Ал малдың күре жолға шығып кетуіне жол бермеу үшін жол жиегіне қоршау орнату ұсынылды. Бұл — шаруаның мүлкін сақтаумен бірге, жолаушылардың қауіпсіздігіне де тікелей қатысты мәселе.
Кездесу барысында Ермек Карентаев жауапты бөлім басшыларымен бірге әр ұсынысты талқылап, шешу мүмкіндіктерін қарастырды. Тұрғындарға ауылдық округте атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар таныстырылып, көтерілген сұрақтарға түсініктеме берілді.
Жиында айтылған ұсыныстар алдағы жұмысты жоспарлауға негіз болмақ. Аудан басшысы ауылдық округ әкіміне оларды нақты іс-шаралар жоспарына енгізіп, орындалуын қадағалауды тапсырды. Қолға алынатын жұмыстардың барысы жөнінде тұрғындарға жүйелі түрде ақпарат беріп отыру қажеттігін де жеткізді.









