Мойынқұм ауданы әкімінің міндетін атқарушы Алибек Нурадинов Мыңарал ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен өзекті мәселелерін талқылады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкімдердің халықпен тұрақты кездесулер өткізу жөніндегі тапсырмасына сәйкес өткен кездесуде ауылдық округте атқарылған жұмыстардың нәтижелері мен алдағы жоспарлар таныстырылды.
Жиын барысында тұрғындар Қашқантеңіз станциясын ауыз сумен қамтамасыз ету, Мыңарал ауылындағы көше жарығын жақсарту, жайылымдық жерлерді кеңейту және балық шаруашылығымен айналысатын азаматтардың мәселелерін көтерді.
Алибек Нурадинов тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, тиісті бөлім басшыларымен бірлесе әрбір мәселе бойынша түсініктеме берді. Сондай-ақ көтерілген мәселелерді шешу жолдары мен оларды жүзеге асыру мүмкіндіктері талқыланды.
Аудан басшысының міндетін атқарушы ауылдық округ әкіміне тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныстар бойынша нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеп, оның орындалуын бақылауда ұстауды тапсырды.
Сонымен қатар атқарылатын жұмыстардың барысы туралы тұрғындарға тұрақты ақпарат берудің маңыздылығын атап өтті.









