KazGASA мен Бейжің құрылыс және сәулет университеті қос дипломдық бағдарламаларды іске қосады
Халықаралық білім беру корпорациясы (KazGASA) мен Бейжің құрылыс және сәулет университеті (BUCEA) құрылыс саласы бойынша бакалавриат және магистратура деңгейлерінде бірлескен қос дипломдық білім беру бағдарламаларын іске асыру туралы келісімдерге қол қойды. Келісімдерге Қытайдың Цзинань қаласында өткен BRAUIC халықаралық консорциумының X форумы аясында қол жеткізілді.
Жаңа бағдарламалар қазақстандық студенттерге Қазақстан мен Қытайдың жоғары оқу орындарында білім алып, екі университеттің дипломдарын алу мүмкіндігін береді.
Қос дипломдық бағдарламалар бакалавриат пен магистратура деңгейлерін қамтиды. Магистратура бағдарламасы «Құрылыс» бағыты бойынша екі университеттің академиялық әлеуетін біріктіреді. Түлектер KazGASA-ның 7М07321 «Құрылыс» білім беру бағдарламасы бойынша магистр дәрежесін және BUCEA-ның Master of Civil Engineering дәрежесін иеленеді.
Бакалавриат бағдарламасы «3+1» моделі бойынша жүзеге асырылады. Студенттер алғашқы үш жылын KazGASA-да, ал төртінші оқу жылын Бейжің құрылыс және сәулет университетінде өткізеді. Бағдарлама талаптарын орындаған түлектер KazGASA-ның 6В07321 «Құрылыс» білім беру бағдарламасы және BUCEA-ның Civil Engineering бағдарламасы бойынша екі диплом алады.
Бірлескен білім беру бағдарламалары студенттердің халықаралық академиялық тәжірибесін кеңейтуге, заманауи инженерлік технологияларды меңгеруіне және кәсіби құзыреттерін дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл бастама құрылыс саласының қажеттіліктеріне сай білікті инженерлік кадрлар даярлауға бағытталған.
KazGASA мен BUCEA арасындағы ынтымақтастық бұған дейін де дамып келеді. 2026 жылы KazGASA түлектеріне BUCEA магистратурасында білім алу үшін 10 грант бөлінді. Қос дипломдық бағдарламаларды іске қосу академиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтеріп, екі елдің жоғары білім беру ұйымдары арасындағы байланысты нығайтады.
BRAUIC X халықаралық форумы 16-18 қазан аралығында Қытайдың Шаньдун провинциясындағы Цзинань қаласында, Шаньдун сәулет-құрылыс университетінің базасында өтті. Биыл сәулет-құрылыс университеттерінің халықаралық консорциумының құрылғанына 10 жыл толды.
Форумға жоғары оқу орындарының басшылары, мемлекеттік органдардың өкілдері, ғалымдар мен халықаралық сарапшылар қатысып, сәулет және инженерлік білім беруді дамыту, ғылыми зерттеулерді жетілдіру және халықаралық академиялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.
KazGASA мен BUCEA арасындағы келісімдер – Қазақстанның жоғары білім беру жүйесін интернационалдандыру, халықаралық академиялық байланыстарды нығайту және еңбек нарығының талаптарына сай мамандар даярлау бағытындағы жұмыстардың жалғасы. Қос дипломдық бағдарламаларды іске асыру қазақстандық студенттердің халықаралық білім алу мүмкіндіктерін кеңейтіп, құрылыс саласындағы инженерлік білім мен кәсіби даярлық сапасын арттыруға ықпал етеді.








