Қазақстанда педагог-психологтарға арналған алғашқы «AI-Психология» басылымы таныстырылды

    1 / 9

    Қазақстанда педагог-психологтарға арналған алғашқы «AI-Психология» басылымы таныстырылды

    Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде педагог-психологтарға арналған «AI-Психология» мамандандырылған электрондық басылымы мен газетінің таныстырылымы өтті. Жоба мамандардың кәсіби дамуына қолдау көрсетуге, заманауи ақпараттық-әдістемелік материалдардың қолжетімділігін арттыруға және жасанды интеллект мүмкіндіктерін кәсіби қызметте тиімді пайдалануға бағытталған.

    Педагог-психологтардың қызметінде балалар мен жасөспірімдердің психологиялық саулығын сақтау, буллингтің алдын алу, ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушыларды психологиялық-педагогикалық қолдау, сондай-ақ ата-аналармен және педагогикалық ұжымдармен өзара іс-қимыл жасау маңызды орын алады. Бұл бағыттар мамандардан кәсіби білімдерін үнемі жетілдіруді, заманауи әдістемелерді меңгеруді және озық тәжірибелермен алмасуды талап етеді.

    Басылымның таныстырылымы «Цифрландыру және жасанды интеллект жағдайындағы білім беруді дамытудың өзекті ғылыми-практикалық аспектілері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция аясында өтті. Конференцияға Польша, Сербия, Ресей, Өзбекстан, Әзербайжан және Қазақстанның түрлі өңірлерінен ғылыми және білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты.

    «AI-Психология» педагог-психологтарға арналған мамандандырылған ақпараттық-әдістемелік алаң ретінде дамытылмақ. Жоба электрондық басылымды жүргізуді және тоқсан сайын тақырыптық газет шығаруды қамтиды. Онда Қазақстан Республикасының заңнамасына, кәсіби қызметті нормативтік-құқықтық реттеуге, психологиялық-педагогикалық жұмыстың әдіснамасына және білім алушыларды қолдаудың заманауи тәсілдеріне қатысты материалдар жарияланады.

    Жобаның ерекшелігі – ақпараттық және әдістемелік материалдарды әзірлеу мен жүйелеу кезінде ChatGPT Edu платформасының мүмкіндіктерін пайдалану. Жасанды интеллект ақпаратты өңдеуге, практикалық ұсынымдар әзірлеуге және кәсіби мазмұндағы материалдарды дайындауға көмектеседі. Сонымен бірге жарияланымдар ақпараттың дұрыстығы, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкестігі және кәсіби стандарттарға сай болуы тұрғысынан сараптамалық тексеруден өтеді.

    Электрондық басылым мен мерзімді газеттің қатар дамуы кәсіби ақпараттың қолжетімділігін арттыруға, өзекті мәселелерді жүйелі талқылауға және тиімді тәжірибелерді таратуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жоба мамандар арасында білім мен тәжірибе алмасуды жандандырып, педагог-психологтардың кәсіби қауымдастығын нығайтуға ықпал етеді.

    «AI-Психология» жобасы кәсіби білім мен практикалық тәжірибені жасанды интеллект мүмкіндіктерімен ұштастыра отырып, педагог-психологтарды ақпараттық-әдістемелік қолдаудың жаңа форматын қалыптастыруды көздейді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі" жаңалықтары