ШҚТУ мен Allur инженер кадрларын бірлесіп даярлайды

    1 / 5

    ШҚТУ мен Allurинженер кадрларын бірлесіп даярлайды

    Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде Allur компаниялар тобының бастамасымен Allur іскерлік-өндірістік кафедрасын құру жоспарланып отыр. Жоба инженерлік кадрларды даярлауды, дуалды оқыту жүйесін және автомобиль өнеркәсібінің өзекті міндеттеріне бағытталған қолданбалы зерттеулерді бір арнаға тоғыстыруды көздейді.

    Қазақстанда автомобиль бөлшектері мен құрамдастарын өндіруді дамыту жағдайында білім беру, ғылым және өндіріс арасындағы байланысты нығайтудың практикалық маңызы зор. Өндірісті жергіліктендіру деңгейін арттыру білікті инженерлер даярлауды, заманауи технологияларды енгізуді және өндірістік міндеттерді шешуге ғылыми әлеуетті жұмылдыруды талап етеді.

    Жаңа кафедраның қызметі Allur кәсіпорындарының нақты өндірістік қажеттіліктеріне негізделеді. Компанияның сұраныстары білім беру бағдарламаларын жаңарту, студенттік жобалар мен ғылыми зерттеулердің тақырыптарын айқындау кезінде ескерілмек. Сонымен қатар компания мамандары болашақ инженерлерді даярлау үдерісіне қатысып, оқытушылармен және студенттермен бірлесіп, өндірістік міндеттерге арналған технологиялық шешімдер әзірлейді.

    Серіктестік аясында лазерлік және нүктелік дәнекерлеу, механикалық өңдеу, бояу технологиялары, сондай-ақ көлік жүйелерінде жасанды интеллектіні қолдану бағыттарындағы бірлескен жұмыстарды дамыту мәселелері талқыланды. Зерттеу жобаларына университеттің Smart Engineering құзыреттер орталығының, «Қорғаныш және функционалдық жабындар» (Profcoat) ғылыми орталығының және Лу Бань шеберханасының инфрақұрылымы мен ғылыми-техникалық мүмкіндіктерін пайдалану жоспарланып отыр.

    Жоба Allur компаниясының Satbayev University-мен дуалды оқыту жүйесін дамыту және академик Ө.А.Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институтымен ғылыми ынтымақтастық орнату бағытындағы тәжірибесін жалғастырады. Бұдан бөлек, ШҚТУ мен компания өкілдері Германия мен Корея Республикасының инженерлік білім мен өндірісті интеграциялау тәжірибесін зерделеуді көздейді.

    Алдағы кезеңде Allur компаниясының ғылыми-техникалық міндеттер банкін қалыптастыру, сондай-ақ университет өкілдерінің Саран мен Қостанай қалаларындағы өндірістік алаңдарға баруы жоспарланған. Бұл қадамдар бірлескен зерттеулердің басым бағыттарын нақтылауға және университеттің ғылыми әлеуетін өндірістің сұраныстарымен ұштастыруға мүмкіндік береді.

    ШҚТУ үшін серіктестік студенттердің практикалық даярлығын жетілдіруге, білім беру бағдарламаларын еңбек нарығының талаптарына бейімдеуге және ғылыми әзірлемелерді өндірісте қолдануға жол ашады. Ал өнеркәсіп кәсіпорындары үшін бұл – заманауи инженерлік шешімдерге қол жеткізуге және оқу барысында өндірістік үдерістермен танысатын, нақты міндеттерді шешуге дайын мамандар даярлауға мүмкіндік.

    Осылайша, Allur іскерлік-өндірістік кафедрасын құру бастамасы жоғары білім, ғылым және өнеркәсіп арасындағы өзара іс-қимылды нығайтып, Қазақстанның автомобиль жасау саласын дамытуға қажетті инженерлік құзыреттерді қалыптастыруға бағытталған.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі" жаңалықтары