ҚазҰУ мен Су ресурстары және ирригация министрлігі ғылыми ынтымақтастықты нығайтады

    1 / 7

    ҚазҰУ мен Су ресурстары және ирригация министрлігі ғылыми ынтымақтастықты нығайтады

    Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов оқу ордасының оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттеріне дәріс оқыды.

    Жиынды ҚазҰУ Басқарма төрағасы – ректор Жансейіт Түймебаев ашып, университеттің соңғы жылдардағы негізгі жетістіктеріне тоқталды. Өз сөзінде ректор ел экономикасын дамытудағы ғылым мен білімнің стратегиялық маңызын атап өтіп, су ресурстарын басқару саласына заманауи технологиялар мен ғылыми зерттеу нәтижелерін кеңінен енгізу қажеттігін жеткізді.

    «Бүгінгі таңда су – жай ғана табиғи ресурс емес, ол экономикалық, экологиялық және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін басты фактор. Осы саладағы міндеттерді шешу мемлекеттік басқару, іргелі ғылым мен цифрлық технологияларды біріктіріп, сапалы кадрлар даярлауды талап етеді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бұл басымдықтарды іске асыруда министрліктің сенімді ғылыми серіктесі болуға толық дайын. Сондай-ақ біздің бұл бағыттағы ғылыми әлеуетіміз нақты нәтижелермен дәлелденіп отыр», – деді университет басшысы.

    Су ресурстары және ирригация министрі еліміздегі су ресурстарын басқару жүйесін жетілдіру бағытында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталды. Министр ҚазҰУ-ға сапарының мән-маңызын жеткізіп, университет ғалымдары жүзеге асырып жатқан ғылыми жобаларға жоғары баға берді.

    «ҚазҰУ-ға министрлік делегациясымен арнайы келуіміздің өзіндік себебі бар. Себебі университет ғалымдарының ғылыми ізденістері мен жобалары өте ауқымды. Басты мақсатымыз – зерттеушілермен бірлесе жұмыс істеу. Қазіргі уақытта біз су бассейндерін дамыту бойынша арнайы жоспар әзірлеп жатырмыз. ҚазҰУ ғалымдары Талас өзеніне жан-жақты зерттеу жүргізген екен. Осы орайда, университет ғалымдарының мүмкіндіктерін пайдалана отырып, бассейндік жоспарды бірге дайындауға болады», – деді министр.

    Сондай-ақ Нұржан Нұржігітов халық санының өсуіне байланысты суға деген сұраныстың артқанын алға тартып, қатысушыларды су ресурстарын үнемді әрі ұқыпты пайдалануға шақырды. Өз сөзінде министр бүгінде еліміздің су саласында 30 мыңға жуық маман еңбек етіп жатқанын атап өтті.

    «Қазіргі таңда алдымызда білікті мамандар даярлау міндеті тұр. Сондықтан біз барлық университеттермен серіктестікті нығайту бағытында жұмыс жүргізіп келеміз. Бұл ретте ҚазҰУ-дың алар орны ерекше. Министрлік кадр даярлау, ортақ жобаларды жүзеге асыру және өзара ынтымақтастықты дамыту бағытында қолдау көрсетуге әрдайым дайын», – деді государственный орган басшысы.

    Сөз соңында Нұржан Нұржігітов ҚазҰУ студенттері мен ғалымдарын министрлікке қарасты мекемелерде тәжірибеден өтуге және бірлесе еңбек етуге шақырды.

    Шара аясында ҚазҰУ мен Су ресурстары және ирригация министрлігі арасында ынтымақтастық туралы екі маңызды құжатқа қол қойылды. Бірінші меморандум тараптар арасындағы серіктестікті нығайтуға бағытталған. Ал екінші келісім министрлік құрамындағы Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы мен ҚазҰУ ғалымдарының бірлескен ғылыми-сараптамалық жұмыстар жүргізуіне жол ашады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі" жаңалықтары