HackAlem AI халықаралық AI-хакатоны GUINNESS WORLD RECORDS әлемдік рекордын орнатты
Астанада AI Month аясында өткен HackAlem AI халықаралық хакатоны AI-хакатонға қатысушылар саны бойынша Guinness World Records әлемдік рекордын орнатты. Ауқымды жарыс жасанды интеллект негізіндегі AI-агенттер мен қолданбалы шешімдерді әзірлеуге бағытталып, әзірлеушілерді, студенттер мен сала мамандарын бір алаңға біріктірді.
HackAlem AI 2025 жылғы 21 желтоқсанда Үндістанның Хайдарабад қаласында орнатылған алдыңғы әлемдік рекордтан асып түсті. Сол кезде Google for Developers және Google Developer Groups Hyderabad ұйымдары ұйымдастырған хакатонға 2 089 адам қатысқан болатын.
Хакатонның негізгі мақсаты – экономиканың нақты секторына және қоғам үшін маңызды салаларға арналған технологиялық шешімдер әзірлеу. Қатысушылар энергетика, қаржы, басқару, телекоммуникация, логистика, креативті индустриялар, білім беру, инновациялар, коммуникациялар және сауда бағыттары бойынша жұмыс істеді. Жобаларды әзірлеу үшін оларға OpenAI, NVIDIA және Arizona State University ұсынған, жалпы құны 1,5 млн АҚШ долларына дейінгі технологиялық және білім беру ресурстарына қолжетімділік берілді.
Әлемдік рекорд Guinness World Records талаптарына сәйкес тіркелді. Барлық қатысушы тіркеуден өтіп, жеке басын сәйкестендіру рәсімінен өтті. Қорытынды көрсеткішке тек барлық талапты орындап, хакатон барысында жобалармен тікелей жұмыс істеген қатысушылар енгізілді.
HackAlem AI қорытындысы бойынша 36 жеңімпаз команда анықталды. Оның ішінде 12 бағыттың әрқайсысы бойынша үш командадан үздік деп танылды. Жеңімпаз командалардың құрамына 77 қатысушы кірді, олардың 49-ы Қазақстанның 13 жоғары оқу орнынан келген студенттер.
Хакатонды ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Astana Hub, Silkroad Innovation Hub, Blockchain and AI Technology Center, OpenAI, жоғары оқу орындары мен индустриялық серіктестер ұйымдастырды.
Жарысқа деген қызығушылық өтінімдер санынан да байқалды: қатысуға 6,5 мыңнан астам өтінім түсіп, шамамен 4,7 мың студент тіркелді. Алаңдағы тіркеудің қорытынды деректеріне сәйкес хакатонға Қазақстанның 68 жоғары оқу орнынан 1,8 мыңнан астам студент қатысты.
Жеңімпаз командалардың құрамындағы студенттердің басым бөлігі (20 студент) Astana IT University атынан қатысты. Nazarbayev University алты студентті, ал Торайғыров университеті бес студентті ұсынды. Жеңімпаздар қатарында 18 фрилансер мен түрлі салада жұмыс істейтін 10 маман да бар.
Хакатонның негізгі бағыттарының бірі жасанды интеллектіні жоғары білім беру саласында қолдануға арналды. Қатысушылар студенттерге арналған дербес AI-көмекшілерді, оқытушылар мен зерттеушілердің жұмысын қолдайтын ассистенттерді, сондай-ақ университеттік сервистер мен басқару үдерістеріне арналған шешімдерді әзірледі. Жалпы командалар түрлі салада практикалық қолданыс таба алатын ЖИ-агенттердің прототиптерін жасады.
Хакатонның негізгі технологиялық серіктесі OpenAI болды. Компания қатысушыларға бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу және жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді жасау үшін қолданылатын Codex құралын пайдалануға мүмкіндік берді.
Үздік әзірлемелердің авторлары үшін HackAlem AI жобаларды одан әрі дамытудың жаңа кезеңіне жол ашады. Үздік ЖИ-агенттерді ұсынған командалар AI-Sana бағдарламасының арнайы акселерациялық бағытына қосылады. Бұл бағыт аясында командаларға сараптамалық қолдау көрсету, индустриялық серіктестермен өзара іс-қимыл орнату, әзірлемелерді университеттерде пилоттық режимде енгізу және жобаларды инвестиция тартуға дайындау мүмкіндіктері ұсынылады.
HackAlem AI хакатонының өткізілуі және Guinness World Records әлемдік рекордының орнатылуы Қазақстанның жасанды интеллектіні дамыту мен халықаралық технологиялық ынтымақтастықты нығайтуға арналған алаң ретіндегі әлеуетін арттырады. Хакатон университеттердің, әзірлеушілер мен бизнестің мүмкіндіктерін біріктіріп, перспективалы ЖИ-шешімдерді идея мен прототип кезеңінен практикалық қолданысқа дейін жеткізуге жағдай жасайды.









