Республика күні қарсаңында Қарқаралы қаласында жеті отбасы қоныс тойын тойлады. Олар апатты деп танылған үйлерінің орнына жаңа пәтерлерге ие болды.

Тұрғындар жаңадан салынған үйлерден пәтерлерді өздері таңдаған. Кейін әкімдік оларды сатып алып, баспанаға мұқтаж отбасыларға берген.

Жаңа пәтерлердің кілтін Қарқаралы ауданының әкімі Саят Мусин табыстады.

— Былтырдан бері ауданымызда тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға арнап 76 пәтер салынды. Биылдың өзінде 26 отбасын баспанамен қамтыдық. Бүгін үйлері апатты деп танылған тағы жеті отбасыға пәтер кілтін табыстап отырмыз. Тұрғындардың баспана мәселесін шешуге «Отбасы банкпен» жүргізілген келіссөздер мен арнайы комиссияның шешімі мүмкіндік берді, - деді ол.

Жаңа пәтер иелерінің бірі Қанат Мұсатаев отбасының баспанаға қол жеткізу мүмкіндігін ұзақ күткенін айтты.

— Біз тұрғын үй кезегінде көп жылдан бері тұрдық. Үйіміз ескі әрі апатты жағдайда еді. Аудан басшылығы жағдайымызды ескеріп, бүгін жаңа пәтердің кілтін алдық. Бұл — біз үшін үлкен қуаныш әрі Республика күніне орай жасалған тамаша сый. Көрсетілген қолдау үшін шын жүректен алғыс айтамыз, - деді Қанат Мұсатаев.











