1 / 6
Аудан әкімі аппаратының кіші мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбековтің төрағалығымен 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық барысына арналған жиын өтті.
Жиынға ауданның тиісті бөлім басшылары, білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет салаларының өкілдері, сондай-ақ газ шаруашылығы мекемелерінің жауапты мамандары қатысты.
Күн тәртібінде аудан аумағындағы әлеуметтік нысандардың алдағы қысқы кезеңге дайындығы, жылыту жүйелерінің техникалық жағдайы, қазандықтар мен газ жабдықтарының қауіпсіз пайдаланылуы және жылумен үздіксіз қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Аудан әкімінің орынбасары Б.Анарбеков жылыту маусымына дайындық жұмыстарын сапалы әрі уақытылы аяқтаудың маңыздылығын атап өтті. Әсіресе, білім беру ұйымдары, денсаулық сақтау мекемелері мен мәдениет нысандарының жылумен тұрақты қамтамасыз етілуіне ерекше назар аудару қажеттігі айтылды. Сонымен қатар, жауапты мекемелердің қысқы кезеңге әзірлігін пысықтау, жылыту жүйелеріндегі ақаулардың алдын алу, анықталған кемшіліктерді жедел жою және газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалану талаптарын сақтау мәселелері қаралды.
Жиын қорытындысы бойынша тиісті бөлімдер мен мекеме басшыларына жылу маусымына дайындық жұмыстарын толық аяқтау, әлеуметтік нысандардың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету және қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылауда ұстау жөнінде тапсырмалар берілді.
(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі







