Қарағанды облысында Республика күніне орай 400-ден астам мәдени-көпшілік, патриоттық және спорттық іс-шара ұйымдастырылады. Мерекелік бағдарлама аясында концерттер, патриоттық акциялар, спорттық жарыстар өткізіліп, жаңа әлеуметтік нысандар ашылады.
Ұлттық мерекеге дайындық барысы облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте талқыланды.
Білім беру ұйымдарында «Республика және Конституция: жауапты азамат – қуатты мемлекет» атты танымдық-ағартушылық апталық өтуде. Сондай-ақ еліміздің тарихы мен мемлекеттілік негіздеріне арналған тақырыптық сабақтар, көрмелер, дәрістер, пікірталастар және басқа да іс-шаралар ұйымдастырылған.
20 қазаннан бастап әлеуметтік желілерде «Менің Қазақстаным» челленджі мен «Қыран елім – Қазақстаным!» патриоттық акциясы басталады. Оларға белгілі мәдениет және спорт қайраткерлері, жастар мен қоғам өкілдері қатысады.
Мерекелік бағдарламаның маңызды оқиғаларының бірі – 23 қазанда Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театрында өтетін «Азат елдің асқақ рухы» атты концерт. Кеште италиялық тенор Уго Тарквини, қазақстандық орындаушылар AYREE, Ибрагим Ескендір мен Нұржас Садырбаев, GAISSIN ORCHESTRA ұжымының солистері және өңірдің шығармашылық ұжымдары өнер көрсетеді.
25 қазанда облыс қалаларының орталық алаңдарында бір мезгілде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көтеріліп, Мемлекеттік Әнұран орындалады. Демалыс күндері мәдениет үйлері мен спорт нысандарында концерттер мен жарыстар өтеді.
Мерекеге орай бірқатар жаңа әлеуметтік нысанның ашылуы да жоспарланған. Олардың қатарында Ақтоғай ауылындағы «Алаш орталығы», Қарқаралы ауданының Көктас ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені және Нұра кентіндегі Өнер үйі бар. Бұдан бөлек, медициналық, ветеринариялық және өртке қарсы қызмет нысандары пайдалануға беріледі.
Супермаркеттер мен сауда орындарында да мерекеге арналған науқандар өтуде. Republic Day және Bereke Fest акциялары аясында түрлі тауарларға жеңілдіктер ұсынылады.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев мерекелік іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыруды тапсырды.
— Алдағы апта Республика күніне дайындыққа арналады. Әрбір іс-шара мемлекеттілік, отансүйгіштік пен халық бірлігінің рухын айшықтап, мерекенің мәні мен маңызын кеңінен ашуға тиіс, - деп атап өтті өңір басшысы.









