17 қазан күні «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Шалқар көлі жағалауындағы саябақ аумағында сенбілік ұйымдастырылды. Тазалық шарасына аудан әкімі Қайрат Ақшолақ, аудандық бөлімдер мен мекемелердің қызметкерлері қатысып, саябақ аумағын қоқыстан тазарту, абаттандыру және айналаны ретке келтіру жұмыстарын жүргізді.
Сенбілік барысында аудан әкімі қоршаған ортаның тазалығын сақтау, қоғамдық орындарға ұқыпты қарау және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.
«Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» акциясы – қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыруға бағытталған маңызды бастама. Тазалық бір күндік шарамен шектелмеуі тиіс. Әрбір тұрғын өзі тұратын жердің, көшесінің, қоғамдық орындардың тазалығына жауапкершілікпен қарауы қажет. Шалқар көлі жағалауы – тұрғындар мен қонақтардың демалып, бос уақытын өткізетін маңызды орындардың бірі. Сондықтан оның тазалығын сақтау – баршамызға ортақ міндет. Таза әрі жайлы орта қалыптастыру әрқайсымыздың күнделікті мәдениетімізге айналуы керек»,
– деді аудан әкімі. Айта кетейік, қазіргі таңда Шалқар ауданы аумағында санитарлық тазалықты қамтамасыз ету, елді мекендерді абаттандыру және қоршаған ортаны күтіп ұстауға бағытталған екі айлық сенбілік жұмыстары жалғасуда.
Аудан әкімдігі тұрғындарды тазалық шараларына белсенді қатысып, туған өлкенің көркеюіне өз үлестерін қосуға шақырады.









