Алматы облысында 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында 403 141 жедел медициналық жәрдем шақыртуы тіркелді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,9%-ға жоғары. Өңірде жедел медициналық көмек тәулік бойы көрсетіліп, тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайларда бригадалардың уақтылы жетуіне басымдық беріледі.
Бұл туралы Алматы облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясы директорының орынбасары Шолпан Нұрғалиева брифинг барысында мәлімдеді.
Жедел жәрдем қандай жағдайда тегін көрсетіледі?
Жедел медициналық жәрдем Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 30 қарашадағы № 225/2020 бұйрығына сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде көрсетіледі.
103 нөміріне есінен тану, тыныс алудың немесе жүрек қызметінің тоқтауы, құрысу, қатты ентігу, кеуде тұсының қатты ауыруы, көп мөлшерде қан кету, ауыр жарақат алу, сондай-ақ сөйлеу немесе қимыл-қозғалыстың кенеттен бұзылуы сияқты шұғыл жағдайларда хабарласу қажет.
«Жедел медициналық жәрдем қызметінің басты міндеті – пациентке мүмкіндігінше қысқа мерзімде жетіп, оның жағдайын бағалау және қажетті медициналық көмекті көрсету. Шақыртулардың жеделдік санаты пациенттің жағдайына қарай анықталады. Сондықтан тұрғындар денсаулығына немесе өміріне қауіп төнген жағдайда 103 нөміріне дереу хабарласуы керек», – деді Шолпан Нұрғалиева.
Шақыртуға жету уақыты қалай анықталады?
Қолданыстағы қағидаларға сәйкес, жедел жәрдем шақыртулары төрт санатқа бөлінеді. Бригаданың келу уақыты шақыртудың жеделдік санатына байланысты белгіленеді: бірінші санат бойынша – 10 минутқа дейін, екінші санат бойынша – 15 минутқа дейін, үшінші санат бойынша – 30 минутқа дейін, төртінші санат бойынша – 60 минутқа дейін.
103 нөміріне қоңырау түскеннен кейін диспетчер пациенттің жағдайын анықтап, шақыртуды тіркейді. Одан әрі медициналық бригада науқастың мекенжайына жіберіледі. Дәрігерлер немесе фельдшерлер пациентті тексеріп, қажетті көмекті көрсетеді және ауруханаға жатқызу қажеттілігін медициналық көрсеткіштерге сәйкес шешеді.
Төртінші санаттағы шақыртуларға кім қызмет көрсетеді?
Пациенттің өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндірмейтін, бірақ медициналық көмекті қажет ететін жағдайларда шақырту алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарының мобильді бригадаларына берілуі мүмкін.
Белгіленген тәртіпке сәйкес, жұмыс күндері сағат 08:00-ден 19:00-ге дейін және сенбі күні сағат 08:00-ден 12:00-ге дейін төртінші санаттағы шақыртуларға емханалардың мобильді бригадалары қызмет көрсетеді. Қалған уақытта мұндай шақыртуларды жедел медициналық жәрдем бригадалары қабылдайды.
Бұл тәртіп жедел жәрдем ресурстарын өміріне қауіп төнген және шұғыл көмекке мұқтаж пациенттерге тиімді бағыттауға мүмкіндік береді.
Алматы облысының жедел жәрдем қызметі
Өңір халқының саны 1 миллион 652 мыңнан асады. Бүгінде облыстың жедел медициналық жәрдем қызметі Қонаев қаласындағы бір станцияны, 13 аудандық қосалқы станцияны, ауылдық елді мекендердегі 66 дислокация орнын және бір медициналық авиация бөлімшесін қамтиды.
Халыққа тәулік бойы медициналық көмек көрсету үшін 147 жедел медициналық жәрдем бригадасы жұмыс істейді. Сонымен қатар алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарына қарасты 42 мобильді бригада қызмет көрсетеді.
Медициналық авиация – шалғай елді мекендер үшін маңызды қызмет
Алматы облысының географиялық ерекшеліктерін ескерсек, медициналық авиацияның маңызы зор. Бұл қызмет шалғай елді мекендердегі науқастарға бейінді мамандарды жедел жеткізуге немесе пациенттерді жоғары деңгейдегі медициналық ұйымдарға тасымалдауға мүмкіндік береді.
2026 жылдың алғашқы тоғыз айында медициналық авиация қызметі аясында 210 шала туған нәресте тасымалданған. Транспорттық инкубаторды пайдалану арқылы 356 тасымалдау жүзеге асырылған. Білікті мамандардың қатысуымен 277 операция жасалып, жүрек-қан тамырлары ауруларына байланысты 143, жарақаттарға байланысты 183 жағдай бойынша көмек көрсетілген. Сонымен қатар акушерлік-гинекологиялық бағытта 40 көмек көрсетіліп, 744 консультациялық кеңес өткізілген.
Жедел медициналық жәрдем қызметінің тиімділігі тек бригадалардың санына ғана емес, шақыртуларды дұрыс саралауға, медициналық көмекті үйлестіруге және пациентті қажетті медициналық ұйымға уақытылы жеткізуге де байланысты. Сондықтан тұрғындардың 103 нөмірін шұғыл жағдайларда дұрыс пайдалануы өңірдегі медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыруға ықпал етеді.








