Шығыс Қазақстан облыстық филармониясында айтыс өнерінің көрнекті өкілі, халықаралық және республикалық ақындар айтысының бірнеше дүркін бас жүлдегері, жыршы-термеші Серік Құсанбаевтың «Дариға-ай, дәурен!» атты шығармашылық кеші өтті.
Рухани кешке Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.
Ұлттық сөз өнерінің қадірін арттырып, қазақтың жыр дәстүрін жалғап келе жатқан ақынның шығармашылығына арналған кеш өнерсүйер қауымның басын қосты. Ән мен жырға, өлең мен күйге ұласқан тағылымды шарада ақынның өнер жолы сараланып, айтыс өнерінің асыл мұрасы дәріптелді.
Серік Құсанбаев - суырыпсалмалық өнерімен, ұтқыр ойы және ұшқыр жыры арқылы көрерменнің ыстық ықыласына бөленген жан.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ұстанған Әділетті Қазақстан идеясы мен айтыс өнерінің өзегіндегі ақиқат пен әділдікке ұмтылу – бір-бірімен үндес құндылықтар».
Айтыскер ақын, жыршы-термеші, әрі қаламгер-журналист ретіндегі сан қырлы талантыңыз қазақ мәдениетінің дамуына сүбелі үлес қосты. «Байғыз», «Жырлаумен өткен 20 жыл», «Көкдауыл», «Дүбірге толы дүние» және «Байбура ашуы» атты туындыларыңызда заман тынысы мен елдік мұрат көрініс тауып, оқырман қауымның жоғары бағасына ие болды. Бүгінде жас ақындарға тәлім беріп, айтыс дәстүрінің сабақтастығын сақтауға елеулі еңбек сіңіріп келесіз. Алдағы уақытта да қаламыңыз қарымды, ойыңыз ұшқыр, шабытыңыз шалқар болсын!», - деді Нұрымбет Сақтағанов.
Кеш барысында көрермен ақынның өмірі мен шығармашылық жолынан сыр шертетін бейнебаянды тамашалады. Әдеби-сазды бағдарлама аясында ақындар айтысы өтіп, дәстүрлі әндер шырқалып, күмбірлеген күй шертелді.
Шығармашылық кешке «Алтын домбыра» иегерлері Бекарыс Шойбеков пен Аспанбек Шұғатай, ақындар Елена Әбдіхалықова, Ардабек Ақбаба, Серік Қуанғанұлы, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, дәстүрлі әнші Еркін Шүкүмән және өзге де өнерпаздар қатысты.
Әр өнер иесінің орындауындағы туындылар кештің мазмұнын байытып, жиылған жұртқа ерекше әсер сыйлады. Ақын туындыларынан туған ой мен сезім, ән мен күйдің әуезі ұлттық өнердің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын рухани сабақтастығын тағы бір мәрте танытты.
Кештің қорытынды бөлімінде Серік Құсанбаевтың орындауындағы «Достарға» әні шырқалды. Ақынның өз орындауындағы ән шығармашылық кездесудің әсерлі түйініне айналып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
(Материалдарды пайдалану кезінде ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).









