Облыс орталығында Риддердің өткені мен болашағы таныстырылды

    1 / 13

    Өскеменде «Туған жер – алтын бесігім» облыстық жобасы аясында Риддер қаласының мәдени күндері өтіп жатыр. ШҚО филармониясындағы көрме мен концертті тамашалауға тұрғындармен бірге Шығыс Қазақстан әкімі Нұрымбет Сақтағанов та барды.

    Риддер - өндірісімен ғана емес, бай тарихымен, қайталанбас табиғатымен және талантты адамдарымен ерекшеленетін шаһар. Көрмеде оның бүгінгі тыныс-тіршілігі, дәстүрі мен даму бағыттары паш етілді. Қонақтарды кіреберісте интерактивті робот қарсы алып, экспозицияның алғашқы сәтінен-ақ ерекше көңіл күй қалыптастырды.

    Сирек кездесетін басылымдар, кітаптардан жасалған инсталляциялар мен голограммалар ұсынылды. Ал «Чемодандағы Риддер» композициясы қаланың ерекшеліктерін өзгеше форматта таныстыруға мүмкіндік берді. Келушілер жергілікті өндірушілердің өнімдерімен, қолөнер шеберлерінің бұйымдарымен де танысты.

    Риддердің көркем табиғаты да көрменің маңызды бөлігін құрады. Мұнда жануарлар экспонаттары, дәрілік шөптер, сирек кездесетін өсімдіктер мен шырғанақтың түрлі сұрыптары таныстырылды. Табиғи шикізаттан жасалған өнімдер қалада жергілікті ресурстарды тиімді пайдалануға бағытталған бастамалардың бар екенін көрсетті.

    Көрменің ең мазмұнды бағыттарының бірі - Риддер қаласындағы №1 мектеп-лицей оқушыларының инновациялық жобалары болды. Жас зерттеушілер экология, денсаулық, тұрмыс және цифрлық технологиялар саласындағы мәселелерге қатысты өз шешімдерін ұсынды.

    Мәселен, SteepWrap жобасы биологиялық ыдырайтын қаптама материалын жасауға бағытталған. Оқушылар материалдың беріктігі мен суға төзімділігін зерттеп, оның компостта ыдырау ерекшеліктерін және тұқымдардың өнуіне ықпалын зерделеп жүр. Жобаның түпкі мақсаты - дәстүрлі қаптамаға экологиялық балама ұсыну.

    Ары қарай бағдарлама гала-концертпен жалғасты. Шығармашылық қойылымдар мен заманауи сахналық шешімдер үйлескен концерт Риддердің мәдени тынысын кеңінен танытты.

    Бағдарламадағы ерекше жаңалықтардың бірі - микрофондарды сахнаға жеткізу үшін екі дронның қолданылуы. Концертті қазақ және орыс тілдерінде жасанды интеллект жүргізді. Сонымен қатар көрермендерге интерактивті QR-ойын ұсынылды. LED-экрандарда көрсетілген сұрақтар арқылы қатысушылар Риддер туралы білімдерін сынап, сыйлықтар алды. Мультимедиалық безендіру мен бейнетрансляция да кештің мазмұнын толықтырды. Осылайша, қала өнері мен мәдениеті заманауи технологиялардың мүмкіндіктерімен ұштастырылды.

    Енді ертең сағат 08:00-де «Алтай» көтерме-бөлшек сауда орталығының аумағында риддерліктердің ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Онда жергілікті өндірушілер мен кәсіпкерлердің өнімдері нарықтағы бағадан қарағанда арзанға ұсынылады.

    (Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі" жаңалықтары