Облыс әкімі Берік Уәли Үржар ауданының орталығы Үржар ауылындағы әуежай терминалын қайта жаңғырту жұмыстарының барысын көрді.
Үржар ауылындағы әуежай 1978 жылы қолданысқа берілген. Биыл Үкіметтің қолдауымен әуежай терминалын қайта жаңғыртуға арнаулы мемлекеттік қордан 6,2 млрд теңге бөлінді. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Келесі жылы құрылысты аяқтап, нысанды пайдалануға беру үшін облыстық бюджеттен қосымша қаржы қарастырылған.
Жоба аясында терминалдың өткізу қабілеті сағатына 70 жолаушыдан 100–150 жолаушыға дейін ұлғайтылады. Бұл жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсартып, әуежайдың мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады. Сондай-ақ, жаңғырту жұмыстары ауданның туристік және экономикалық әлеуетін арттыруға ықпал етеді.
Аймақ басшысы мердігерлерге құрылыс жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды, тиісті басқармаларға құрылысты тұрақты қадағалауды тапсырды.
«Үржар ауылындағы әуежай терминалын реконструкциялау – ауданның көлік инфрақұрылымын дамытудағы маңызды жобалардың бірі. Осыған байланысты мердігер ұйымға құрылыс жұмыстарын бекітілген мерзімде орындауды, сапа талаптарын сақтауды және қаражатты тиімді пайдалануды тапсырамын. Техникалық және авторлық қадағалау қызметтері әр кезеңдегі жұмыстардың сапасына тиісті бақылау жүргізуі қажет. Әсіресе терминалдың инженерлік жүйелеріне, жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға және қауіпсіздік талаптарына ерекше назар аударылуы тиіс. Біздің мақсатымыз – заманауи талаптарға сай әуежай инфрақұрылымын қалыптастырып, Үржар ауданының көлік қолжетімділігін жақсарту. Сондықтан жобаны сапалы әрі уақтылы аяқтау барлық жауапты тараптардың ортақ міндеті. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!», – деді Берік Уәли.
Бүгінде Үржар әуежайынан Семей бағыты бойынша аптасына екі рет жолаушылар тасымалдануда. Бұған дейін Астана, Алматы және Семей бағыттары бойынша әуе рейстері ұйымдастырылған болатын.









