Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Үржар ауданының тұрғындарымен кездесіп, өңірдің және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы халыққа есеп берді.
Жиында алдымен Үржар ауданының әкімі Ақылбек Башимбаев ауданның 2025-2026 жылдардағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндады. Аймақ басшысы өңір экономикасының негізгі көрсеткіштеріне тоқталып, ауданда жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Үржар ауданының экономикасында ауыл шаруашылығы маңызды орын алады. Ауданда 72,8 мың бас ірі қара, 20,3 мың жылқы, 100,6 мың қой-ешкі бар. Биыл егіс көлемі 114,6 мың гектарды құрады.
Жыл басынан бері ауданда 88 ауыл шаруашылығы техникасы жаңартылды. «Кең дала» бағдарламасы аясында 6 тауар өндіруші 3 млрд теңгеге қаржыландырылды. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 87,2 млн теңгеге 12 жоба қолдау тапты. Ал 2030 жылға дейінгі агроөнеркәсіптік инвестициялық жобалар картасына Үржар ауданынан жалпы құны 17,5 млрд теңге болатын 11 жоба енгізілген.
Ауданда жаңа өндірістерді іске қосу жұмыстары да жүргізілуде. Биыл жалпы құны 24,5 млрд теңге болатын 7 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Сонымен қатар Қытай инвесторларының қатысуымен құны 6 млрд теңге болатын көкөніс өсіруге арналған жылыжай кешенін салу жобасы қарастырылған.
Биыл Үржар ауданының жол инфрақұрылымын жақсартуға облыстық бюджеттен 1,4 млрд теңге қарастырылды. Көкөзек ауылына кіреберістегі 4,2 шақырым жол, Үржар, Малақ және Қарақол ауылдарындағы 14 көше жөнделді. Таскескен ауылындағы 5 көшеде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ «Үржар – Барқытбел – Қарабұйрат» аудандық маңызы бар жолын жөндеу басталды.
Ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында да жұмыстар атқарылуда. Биыл Таскескен ауылы сумен қамтылды. Жылыту маусымына дайындық аясында Үржар ауылындағы Абылайхан даңғылында орналасқан қазандық жөнделіп, 2,2 шақырым жылу желісі ауыстырылды.
Тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Биыл Үржар ауданында әлеуметтік осал топтағы азаматтарға 48 пәтер сатып алу үшін 873,6 млн теңге бөлінді.
Білім беру саласында Үржар ауылындағы Бауыржан Момышұлы атындағы мектепке күрделі жөндеу жүргізілді. Ауданның тағы 13 мектебі ағымдағы жөндеуден өтті. Оқушыларды қауіпсіз тасымалдау үшін Жаңатілек және Ақжар ауылдарындағы мектептерге лизинг арқылы екі жаңа автобус сатып алу жоспарланған.
Денсаулық сақтау саласында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында аудан аумағында 9 жаңа медициналық нысан салынды. Үржар орталық аудандық ауруханасына электрокардиограф пен видеоларингоскоп сатып алынды.
Үржар балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қосымша корпусының құрылысы аяқталды. Сонымен қатар мекеменің әкімшілік ғимараты мен оқу корпусына күрделі жөндеу жүргізілді.
Мәдениет саласында биыл Жоғары Егінсу ауылында жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен ауданның ауылдық кітапханалары базасында «Жаңа клуб» комьюнити-орталықтары ашылды.
Аймақ басшысы аудандағы өзекті мәселелерді кезең-кезеңімен шешу жұмыстары жалғаса беретінін атап өтті.
«Бүгінгі кездесу Сіздермен ой бөлісіп, ұсыныс-тілектеріңізді тыңдайтын маңызды диалог алаңы болды деп ойлаймын. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес халықпен кері байланысты нығайтып, өңірдің барлық аумағын тең дамыту – басты басымдықтарымыздың бірі. Үржар ауданының өзекті мәселелерін жақсы білемін. Өңіріміздегі ең ірі ауданды дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғаса береді», – деді Берік Уәли.
Кездесу соңында тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарын қойды. Облыс әкімі көтерілген мәселелер мен ұсыныстардың назардан тыс қалмайтынын айтты.
Аймақ басшысы кездесудің алдында аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Онда тұрғындар баспанамен қамтамасыз етуге, жер теліміне қатысты мәселелерді көтерді.
Облыс әкімі тұрғындардың өтініштерін мұқият тыңдап, жауапты басқарма басшылары мен аудан әкіміне тиісті тапсырмалар берді.
Аймақ басшысының азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдауының алдында басқарма басшылары аудан тұрғындарын қабылдап, сауалдарына жауап берді.









