Абай облысында жазушы Роллан Сейсенбаевқа құрмет көрсетілді

    1 / 12

    Биыл белгілі жазушы, драматург, Лондондағы «Абай» үйі мен халықаралық «Абай» клубының негізін қалаушы, даңқты жерлесіміз Роллан Шәкенұлы Сейсенбаев 80 жасқа толды. Қаламгердің мерейтойына орай бүгін Семей қаласында бірқатар тағылымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Абай театрында жазушының әңгімесі негізінде сахналанған «Майдан әндері» спектаклі қойылды.

    Қойылымды облыс әкімі Берік Уәлимен бірге Италия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Антонелло Де Риу, Италия елшілігінің мәдениет жөніндегі атташесі, жазушы әрі мәдениеттанушы, Алматыдағы Италия мәдениет институтының директоры Эдоардо Кризафулли, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров, Қазақстанның Еңбек Ері Серік Ақшолақов, белгілі ақындар Ұлықбек Есәулет пен Бауыржан Жақып, өнер қайраткерлері тамашалады.

    «Майдан әндері» – Роллан Сейсенбаевтың әңгімесі негізінде сахналанған қойылым. Спектакльдің режиссері – Ержан Қауланов, басты рөлді Қазақстанның Халық әртісі Тілектес Мейрамов сомдады. Қойылымда соғыстың адам жанына салған жарасы, уақыт өткен сайын алыстағанымен, жүректен өшпейтін естеліктер мен үзілмеген достықтың қадірі суреттеледі.

    Қойылымнан кейін сөз сөйлеген аймақ басшысы мерейтой иесін 80 жасқа толуымен құттықтап, оның қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қосқан үлесі зор екенін атап өтті.

    «Роллан аға, тұмарлы туған өлкеңіз, кіндік қаныңыз тамған қасиетті Абай еліне, Семей жеріне қош келдіңіз! Сексеннің сеңгіріне шыққан мерейлі жасыңыз өңіріміз үшін үлкен той, мерейлі мереке. Роллан ағамыздың қаламгерлікпен қатар қайраткерлігі де көпке өнеге, жастарға үлгі. Сіз қазақ әдебиетінің көкжиегін кеңейтіп, ұлттық руханиятымызды әлемдік мәдени кеңістікке таныту жолында өлшеусіз еңбек сіңірдіңіз. Әдебиетке адал қызмет еткен қаламгерге құрмет көрсету сөз өнеріне, ұлттық ойға, ұрпақтар сабақтастығына құрмет көрсету деп білеміз. Сізді шын жүректен 80 жас мерейтойыңызбен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Төл тарихымызды зерделеу, өнеріміз бен мәдениетімізді өркендету үшін әлі де көп жұмыс істелуге тиіс» деп баршамызға нақты бағдар берген болатын. Бүгінгі мәдени шаралар өңір оқырмандарының есінде қалып, рухани байытып, көкжиегін кеңейтетін дүние боларына сенеміз», – деді Берік Уәли.

    Шара барысында аймақ басшысы жазушыға «Абай облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін табыстап, иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. Италия Елшісі Антонелло Де Риу мен Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров құттықтау сөз сөйледі. Елші Роллан Сейсенбаевқа Италия Республикасының Президенті Серджо Маттарелланың атынан мәдениет саласын дамытуға, Италия мен Қазақстан арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға және халықтарымыз арасындағы достықты өркендетуге қосқан айрықша үлесі үшін «Италия жұлдызы» орденінің кавалері құрметті атағын салтанатты түрде табыс етті.

    «Роллан Сейсенбаевтың редакциясымен қазақтың ұлы классиктерінің шығармалары 15 тілде, соның ішінде итальян тілінде жарық көрді. Бұл бастама ұлттық әдебиетіміздің әлемдік деңгейде танылуына жол ашып, классиктеріміздің шығармашылық мұрасын жаңа қырынан танытуға мүмкіндік берді. Мәдениет қайраткері әрі көреген баспагер ретінде Роллан Сейсенбаев қазақ әдебиетін итальян оқырмандарына таныстырып қана қоймай, екі елдің әдебиеті мен мәдениеті арасындағы байланысты нығайтуға зор үлес қосты», – деді Елші.

    Жазушының мерейтойы аясында бүгін Абай атындағы кітапханада зиялы қауым өкілдерімен және оқырмандармен кездесу өтті.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Абай облысының әкімдігі" жаңалықтары