Бір күнде 350-ден астам сұрақ: Жетісу облысында «Жолдағы қабылдау» акциясы өтті

    Көкейдегі сауалға жауап алу, жол қозғалысы ережелерін түсіну және қажетті кеңеске жүгіну — артық әуре-сарсаңсыз әрі ұзақ күтусіз. Жетісу облысының тұрғындары «Жолдағы қабылдау» акциясының алғашқы күні осындай мүмкіндікке ие болды.

    Бұл жолы кездесу онлайн форматта ұйымдастырылып, азаматтар мамандарға қашықтан жүгіне алды. Сонымен қатар жедел байланыс телефондары жұмыс істеді.

    Бір күннің ішінде 350-ден астам сұрақ келіп түсті. Тұрғындарды көбіне көлік құралдарын тіркеу, жүргізуші куәлігін алу, жол қозғалысын ұйымдастыру, автокөліктерді қайта жабдықтау, айыппұлдарды төлеу және көлік құралдарын есептен шығару мәселелері қызықтырды. Сондай-ақ азаматтар құқық бұзушылықтарды тіркеу камераларының жұмысы, көліктердің техникалық жай-күйі, қауіпсіздік белдіктерін пайдалану және көлік жүргізу кезінде ұялы телефон қолдану ережелері туралы сұрады.

    Акцияның басты құндылығы — азаматтардың мамандарға тікелей жүгініп, қажетті түсіндірмені сол жерде алу мүмкіндігі.

    Жетісу облысының полициясында мұндай бастамалар халықпен өзара байланысты ашық әрі қолжетімді етуге ықпал ететінін атап өтті. Өйткені әрбір өтініштің артында нақты жағдай тұр, ал азамат үшін түсінікті әрі уақтылы жауап алу маңызды.

    «Жолдағы қабылдау» акциясы тұрақты негізде жалғасын табады. Оның басты мақсаты — халыққа жақын болу, құқықтық мәселелерді шешуге көмектесу және жолдарда қауіпсіздік пен өзара құрмет мәдениетін қалыптастыру.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Жетісу облысының Полиция департаменті" жаңалықтары