Шетелдіктер 3 жыл бойы ата-аналарына Қазақстандағы колонияға кіргенін мойындаудан қорықты

    Абай облысы бойынша ҚАЖ жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде денсаулыққа қасақана зиян келтіргені үшін үш жыл алты айға бас бостандығынан айырылған 25 жастағы екі шетел азаматы жазасын өтеп жатыр.

    Әңгімелесу барысында сотталғандар бірнеше жыл бұрын білім алып, лайықты болашақ құру мақсатында шет мемлекеттен Қазақстанға келгендерін айтты. Олардың басты арманы – диплом алып, туған еліне оралып, ата-анасының үмітін ақтау еді. Алайда тағдыр басқаша шешілді. Жақындарымен көптен күткен кездесудің орнына олар бас бостандығынан айыру орындарында қалды. Үш жыл бойы сотталғандар болған жағдайды ата-аналарына айтуға батылдары бармады. Олар ата-аналарының өздерін айыптауынан және ең жақын адамдарының теріс айналуынан қорықты.

    Жас жігіттердің тағдыры мекеме қызметкерлерін бейжай қалдырмады. Психологиялық диагностика жүргізілгеннен кейін мамандар үзілген отбасылық байланысты қалпына келтіру жұмыстарына кірісті. Психологтар тәрбие қызметінің қызметкерлерімен бірлесіп, сотталғандардың туыстарымен байланыс орнатып, қалыптасқан жағдайды егжей-тегжейлі түсіндірді және бейнебайланыс ұйымдастырды.

    Үш жылдық үзілістен кейін ата-аналар мен ұлдарының көптен күткен кездесуі өтті. Бейнеқоңырау кезінде ешкім көз жасын ұстай алмады. Ата-аналар балаларының қайда жүргенін алғаш рет білді, ал сотталғандар кешірім сұрап, ең маңызды қолдау сөздерін естуге мүмкіндік алды. Бұл кездесу жас жігіттердің өміріндегі бетбұрыс сәтіне айналып, оларға үміт пен өз өмірін өзгертуге деген сенім сыйлады.

    — Осында түскеннен кейін мені ата-анамның ешқашан кешірмеуі мүмкін деген ой қатты қорқытты. Бұл ойлар маған маза бермеді. Бірақ сөйлескеннен кейін мен олардың қандай жағдай болса да, мені әлі де жақсы көретінін және үйге оралуымды күтетінін түсіндім. Иә, мен олардың үмітін ақтай алмадым, енді көп нәрсені түзетуім керек. Енді мені күтіп отырған жандар бар екенін білемін, демек, өзгеруге себеп те бар. Осы жолдан абыроймен өтіп, түзелу үшін және отбасыммен мүмкіндігінше тезірек қауышу үшін бар күшімді саламын, — деп бөлісті сотталғандардың бірі.

    — Отбасылық байланыстарды қалпына келтіру – сотталғандармен жүргізілетін психологиялық және тәрбиелік жұмыстың маңызды бағыттарының бірі. Туыстарының қолдауы адамның эмоционалдық жағдайына зор әсер етеді, жасаған қылмысының салдарын түсінуге көмектеседі, түзелуге және заңға бағынатын өмір салтына оралуға деген ынтасын нығайтады. Осындай әрбір кездесудің артында мекеме қызметкерлерінің қажырлы еңбегі жатыр. Біздің жұмысымыздың адамдарға үміт пен өзіне деген сенімді қайта табуға көмектескенін көру біз үшін ерекше маңызды, — деп атап өтті мекеме психологы Құралай Иксанова.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Абай облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті" жаңалықтары