Астанада жаңа жылдық безендіру мәселесі талқыланды

    1 / 11

    14 қазанда Hilton Garden Inn Astana қонақ үйінде елорданы Жаңа жыл мерекесіне дайындау мәселелері бойынша кәсіпкерлермен кездесу өтті.

    Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы ұйымдастырған жиынға сауда орталықтарының, қонақүйлердің, мейрамханалардың, бизнес орталықтарының және басқа да кәсіпкерлік нысандардың өкілдері қатысты.

    Кездесу барысында басқарма басшысының орынбасары Мақсат Жаңабаев қаланың мерекелік келбетін қалыптастыруда кәсіпкерлердің үлесі маңызды екенін атап өтті. Ол бизнес өкілдерін ғимараттардың қасбеттерін, кіреберістерін және іргелес аумақтарын жаңа жылдық безендіруге белсенді қатысуға шақырды.

    Биыл басқарма Урбанистика орталығымен бірлесіп, қаланың негізгі көшелерінде орналасқан кәсіпкерлік нысандарды жаңа жылдық безендіру бойынша дайындық жұмыстарын жүргізуде. Бұл жұмыстар сауда орталықтарын, мейрамханаларды, қонақүйлер мен бизнес орталықтарын қамтиды.

    Қалалық урбанистика орталығының директорының орынбасары Данияр Чиндалиев елорданы қысқы безендірудің бірыңғай тұжырымдамасын таныстырды. Ол мерекелік жарықтандыру кезінде ғимараттардың сәулеттік ерекшеліктерін ескеру, түстердің үйлесімділігін сақтау және безендіру элементтерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде түсіндірді.

    Сондай-ақ кәсіпкерлерге ғимараттардың сыртқы келбетімен қатар, кіреберіс аумақтарын безендіруге, жарық құрылғыларын қауіпсіз орнатуға және қыс мезгілінде айналаны таза ұстауға көңіл бөлу ұсынылды.

    Жаңа жылдық безендіру жұмыстары 30 қарашаға дейін аяқталуы тиіс. Желтоқсан айының басында елордадағы кәсіпкерлік нысандар мерекеге дайын болуы қажет.

    Сонымен қатар, Туризм күніне орай Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығымен бірлесіп, бірқатар қонақүй өкілдерін марапаттады. Саланың дамуына үлес қосқан мамандарға Құрмет грамоталары, сондай-ақ «Туризм саласының үздігі» және «Туризм саласына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілері табысталды.

    Марапаттау рәсімі елордадағы қонақүй бизнесі өкілдерінің туризм саласын дамытуға, қаланың туристік тартымдылығын арттыруға және қонақжайлылық индустриясын ілгерілетуге қосқан үлесін атап өтуге бағытталды.

    Кездесу соңында басқарма өкілдері кәсіпкерлердің ұсыныстарын тыңдап, қаланы мерекеге дайындау барысында бірлесіп жұмыс істеудің маңыздылығын атап өтті.

    https://www.instagram.com/p/Dees1RKg1mt/

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы" жаңалықтары