Су ресурстары және ирригация вице-министрі Арсен Жақанбаев Рим қаласына жасаған жұмыс сапары аясында Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) басшылығының өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесу өткізді.
ФАО-ның Ресурстарды жұмылдыру департаментінің директоры Александр Джонспен, ФАО Бас директорының орынбасары, Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік өкілі әрі ФАО-ның Қазақстандағы өкілінің міндетін атқарушы Виорел Гуцумен, сондай-ақ ФАО-ның Жер және су ресурстары департаментінің директоры Лифэн Лимен өткен кездесулерде тараптар су ресурстарын тұрақты басқару және ирригация саласындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады.
Кездесулердегі негізгі мәселелердің бірі – су ресурстарын басқару және ирригация саласындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастық басымдықтарын айқындауға әрі су шаруашылығы саласында бірлескен жобалар әзірлеуге бағытталған Қазақстан – ФАО әріптестік бағдарламасын әзірлеу болды.
Атап айтқанда, тараптар бірлескен бастамаларды іске асыру үшін ресурстар тарту мүмкіндіктерін, бағдарламаның техникалық бағыттарын одан әрі пысықтауды, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі мен ФАО-ның тиісті бөлімшелері арасындағы өзара іс-қимылдың практикалық тетіктерін қарастырды.
Өткізілген кездесулер тараптардың әріптестікті одан әрі нығайтуға және ынтымақтастықтың практикалық бағыттарын жүйелі түрде пысықтауға өзара мүдделі екенін растады.
«Біз Қазақстан – ФАО әріптестік бағдарламасын су ресурстарын басқарудың заманауи тәсілдерін енгізудің, су үнемдеу технологияларын дамытудың және су саласын цифрландырудың маңызды құралы ретінде қарастырамыз. Ынтымақтастығымызды одан әрі нығайту Қазақстанда суды пайдалану тиімділігін арттыруға және су шаруашылығының тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған практикалық шешімдер әзірлеуге мүмкіндік беретініне сенімдіміз», – деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Арсен Жақанбаев.









