Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Қазсушар» РМК-ның «Д. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы» филиалының директоры Қайрат Бисембаев пен Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясының басшысы Серік Мейрамбеков вегетация кезеңінің қорытындысын жариялады.
Биыл филиал ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен су беру бойынша 2 588 келісімшарт жасасты. Тұтынушыларға 282,4 млн текше метр су жеткізіліп, 40,4 мың гектар жер суарылды.
Алматы облысының су шаруашылығы инфрақұрылымын дамытуға арналған жобалар да әзірленді. Жоспарға Күрті өзеніндегі Оң және Сол жағалау магистральдық каналдарын, Қорам магистральдық каналын және Үлкен Алматы каналының 15,6 шақырымын реконструкциялау жұмыстары енгізілген. Сонымен қатар Шелек өзеніндегі Бартоғай су қоймасының бөгетін реконструкциялау жобасының құжатын әзірлеу аяқталуға жақын.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің тапсырмасына сәйкес, Д. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы филиалының қарамағындағы нысандарды реконструкциялау және жаңғырту жөніндегі жол картасы әзірленді. Құжатта 37 іс-шара қарастырылған.
Атап айтқанда, Күрті су қоймасының бөгетін, Тасқұтан су көтеру құрылысын, Шелек гидроторабын, сондай-ақ Үлкен Алматы каналының бас құрылысын және 110 шақырым бөлігін реконструкциялауға арналған бес жобаны әзірлеу жұмыстары басталды.
«Жаңа арнайы техниканың арқасында жыл басынан бері филиал жоспарланған 120 шақырымның орнына 174 шақырым каналды механикалық тәсілмен тазартты. Жұмыстар бекітілген жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Олардың негізгі мақсаты – тұтынушыларға судың тұрақты әрі үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз ету», - деді «Қазсушар» РМК-ның Д. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы филиалының директоры Қайрат Бисембаев.









