Су ресурстары және ирригация вице-министрі Арсен Жақанбаев 2026 жылғы 14 қазанда Рим қаласында Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) штаб-пәтерінде өткен Рим су диалогына қатысты.
Іс-шараға ФАО-ның Бас директоры Цюй Дунъюй, БҰҰ Бас хатшысының экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Ли Цзюньхуа, Тәжікстан Республикасының ауыл шаруашылығы министрі, Түркия Республикасының ауыл және орман шаруашылығы министрі, сондай-ақ бірқатар ел мен халықаралық ұйымдардың министрлері мен жоғары лауазымды өкілдері қатысты.
«Су ресурстарына қатысты құқықтар жөніндегі жаһандық диалог: азық-түлік және су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін су ресурстарын инновациялық басқару» атты жоғары деңгейдегі пленарлық отырыс аясында қатысушылар су ресурстарына қатысты құқықтарды ұлттық жағдайларға бейімдеп іске асыру, су ресурстарын басқару жүйелерін жетілдіру, сондай-ақ су және азық-түлік қауіпсіздігін нығайту үшін суды неғұрлым әділ, ашық әрі тұрақты бөлу мәселелерін талқылады.
Вице-министр өз сөзінде климаттың өзгеруі мен су тапшылығының күшеюі жағдайында су ресурстарын тиімді басқарудың маңызына ерекше назар аударды.
«Қазақстан мен Орталық Азияның басқа да елдері климаттың өзгеруінің салдарын қазірдің өзінде сезініп отыр. Гидрологиялық режимнің өзгеруі, өзендердің суының азаюы, құрғақшылық пен су тасқынының жиілеуі бізден уақытылы әрі жүйелі шаралар қабылдауды талап етеді. Осыған байланысты су саласын дамыту – Қазақстанның мемлекеттік саясатындағы негізгі басым бағыттардың бірі», - деді ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Арсен Жақанбаев.









