Ақмола облысындағы «Қазсушар» РМК филиалы елді мекендерді сумен қамтамасыз етуге 150 млн текше метрден астам су жіберді

    1 / 3

    Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Қазсушар» РМК Ақмола филиалының директоры Ербол Әскербеков пен Есіл бассейндік су инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Айбек Серәлі облыстағы вегетация кезеңінің қорытындысын жариялады.

    Биыл филиал су тұтынушыларымен су беру бойынша 50 келісімшарт жасасты. Егістіктерді суаруға шамамен 7 млн текше метр су берілді. Нәтижесінде 2,9 мың гектардан астам жер суарылды. Оның ішінде 2,36 мың гектар алқапта су үнемдеу технологиялары қолданылды.

    Астана қаласын қоса алғанда, елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз етуге 150 млн текше метрден астам су бағытталды.

    Сондай-ақ Теңіз-Қорғалжын көлдер жүйесіндегі су теңгерімін сақтау және биоалуантүрлілікті қорғау мақсатында жыл сайынғы табиғат қорғау мақсатындағы су жіберу жұмыстары жүргізілді. Бұл мақсатқа 40 млн текше метр су бөлінді.

    Бұдан бөлек, филиал 14 гидротехникалық нысанға кешенді тексеру жүргізді. Тексерілген нысандардың қатарында Преображенский гидроторабы мен Қоянды су қоймасы бар. Астана, Шағалалы және Краснобор су қоймаларында, «Нұра-Есіл» каналында, Кеңбидайық гидроторабында және «Алва» лимандық суару жүйесінде жөндеу жұмыстары орындалды.

    Қазіргі уақытта жеті жоба іске асырылып жатыр. Олардың қатарында «Алва» лимандық суару жүйесінің бас құрылысын және Астана қаласының қорғаныш бөгетін реконструкциялау жобалары бар. Сонымен қатар су шаруашылығы кешендерін реконструкциялау бойынша 11 жоба әзірленіп жатыр.

    «Бұл жобалардың барлығының ортақ мақсаты – гидротехникалық құрылыстардың сенімділігі мен қауіпсіздігін арттыру, заманауи технологиялар мен су ресурстарын басқарудың автоматтандырылған жүйелерін енгізу. Сонымен қатар филиал 2027 жылғы көктемгі су тасқынына алдын ала дайындық жүргізіп жатыр. Атап айтқанда, инертті материалдар қоры әзірленіп, техника жұмылдырылуда, жүк көтергіш механизмдер тексеріліп, материалдық-техникалық база нығайтылуда», – деді «Қазсушар» РМК Ақмола филиалының директоры Ербол Әскербеков.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі" жаңалықтары