Бір айда республика бойынша 15 мыңға жуық граффити жойылды.
Таңертең үйден шығып, подъезге беттегенде, кеше ғана тап-таза болған қабырғадан бейтаныс жазуды көрдіңіз делік. Бір қарағанда, оған мән бермеуге де болады. Алайда осындай ұсақ көрінетін әрекеттер ауланың ажарын кетіріп, тұрғындардың ортақ кеңістікке деген көзқарасына әсер етеді.
Ал қабырғадағы жазулардың бәрі бірдей жай бұзақылық емес. Кейбірі есірткі саудасын жарнамалап, оны қайдан және қалай алуға болатынын көрсетеді. Мұндай наркограффитилердің артында адам денсаулығы мен қоғам қауіпсіздігіне төнетін әлдеқайда үлкен қауіп тұр.
Сондықтан мұндай жазуларға қарсы күрес — жай ғана қабырғаны тазалау емес, көшенің қауіпсіздігін сақтау жолындағы маңызды жұмыс.
Бір айдың ішінде полиция қызметкерлері республика бойынша 15 мыңға жуық граффитиді жойды. 6 597 әкімшілік іс қозғалып, алты дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Оның төртеуі есірткі жарнамасына, екеуі вандализмге қатысты.
Сонымен қатар тұрғындар арасында 18 мыңнан астам түсіндіру жұмысы жүргізіліп, еріктілердің қатысуымен 16 мыңнан астам профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды. Бұл — өз ауласының тазалығына бейжай қарамайтын, көшесінің қауіпсіз болғанын қалайтын адамдардың ортақ іске қосқан үлесі.
Көшенің тазалығы мен қауіпсіздігі тек полицияның жұмысына байланысты емес. Ол әрқайсымыздың ортақ мүлкімізге деген көзқарасымыздан, айналамызға деген жауапкершілігімізден басталады.
Егер қабырғадан есірткі жарнамасын байқасаңыз немесе біреудің қоғамдық мүлікті бүлдіріп жатқанын көрсеңіз, "102" нөміріне не полицияның ресми аккаунттарына хабарлаңыз. Таза көше — ортақ жауапкершілік. Қауіпсіз орта — бірлескен еңбектің нәтижесі.









