Павлодар облысында 9 мыңға жуық жаяу жүргінші жолды белгіленбеген жерден кесіп өткен

    Павлодар облысында жолды белгіленбеген жерден кесіп өткен 8 780 жаяу жүргінші жауапқа тартылды.

    Жаяу жүргіншілер – жол қозғалысының ең осал қатысушыларының бірі. Сондықтан жолдан өту кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау аса маңызды.

    Павлодар облысының полиция департаменті мәліметінше, жол қозғалысы ережелерін көбіне айналасына назар аудармай, гаджеттерге үңіліп немесе капюшон киіп жүретін жасөспірімдер бұзады. Сондай-ақ егде жастағы тұрғындар арасында да жаяу жүргіншілер өткелін пайдаланбай, жолды белгіленбеген жерден кесіп өтетіндер кездеседі.

    Бүгінгі таңда облыста жолдың жүру бөлігін белгіленбеген жерден кесіп өткені үшін 8 780 тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

    Мәселен, Павлодар қаласындағы Камзин көшесінде жергілікті тұрғын жолды белгіленбеген жерден кесіп өткен.

    Жол қозғалысы ережелерін жүргізушілер де жиі бұзады. Жыл басынан бері жаяу жүргіншілерге жол бермегені үшін 2 743 жүргізуші жауапкершілікке тартылған.

    Атап айтқанда, Ворушин және академик Шөкин көшелерінің қиылысында Daewoo Nexia автокөлігінің жүргізушісі реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелімен өтіп бара жатқан адамға жол бермеген.

    Аталған құқық бұзушылықтар бойынша кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға айыппұл салынды.

    Полиция қызметкерлері облыс тұрғындарын жолда мұқият әрі сақ болуға, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Қауіпсіздік талаптары жол қозғалысының барлық қатысушысына ортақ.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі" жаңалықтары