Астанада робот-иттер қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында жұмыс істеуде.
Жасанды интеллект, заманауи бейнебақылау және роботтандырылған технологиялар елорданың қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосуда. Астана қаласының полиция департаменті төрт робот-итті қолданысқа енгізіп, оларды қоғамдық тәртіпті бақылау мен құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарына пайдалануда.
Елордада қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыс заманауи технологиялардың көмегімен жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта робот-иттер адам көп шоғырланатын сауда орталықтары мен қоғамдық орындарда жұмыс істеп, полиция қызметкерлеріне қоғамдық кеңістіктердегі жағдайды бақылауға көмектесуде.
Жасанды интеллект — қауіптің алдын алуға арналған заманауи құрал. Робот-иттер жасанды интеллект технологияларымен жабдықталған бейнекамералар арқылы айналадағы жағдайды бақылап, бейнеақпаратты нақты уақыт режимінде тікелей жедел басқару орталығына жеткізеді. Бұл полиция қызметкерлеріне қоғамдық орындардағы ахуалды жедел бағалап, қажетті жағдайда тиісті шараларды уақытылы қабылдауға мүмкіндік береді.
Технологияның маңызды мүмкіндіктерінің бірі — іздеуде жүрген адамдарды анықтауға көмектесу. Робот-иттерге интеграцияланған жасанды интеллект жүйесі бет-әлпетті сәйкестендіреді. Сәйкестік анықталған жағдайда жедел басқару орталығына автоматты түрде дабыл хабарламасы жіберіледі. Бұл технология полицияның жедел әрекет ету мүмкіндігін арттырып, іздеудегі адамдарды анықтау жұмысына қосымша қолдау көрсетеді.
Қауіпсіз қала — тек қоғамдық тәртіпті сақтау ғана емес, сонымен қатар ықтимал қауіптердің алдын алу, оқиғаларға уақытылы әрекет ету және әрбір азаматтың тыныштығын қорғау. Астана полициясы осы бағытта заманауи технологияларды пайдаланып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмысын жалғастыруда.









