Қостанай облысында 44 га аумақта экопарк ашылды

    1 / 10

    Қостанай қаласының сыртындағы 43,8 гектар аумақты алып жатқан экопарк өңіріміздің экологиялық әрі мәдени өміріндегі айтулы оқиға екені анық. Құны 660 миллион теңге болатын саябақтың ашылу салтанатына облыс әкімі Құмар Ақсақаловпен бірге әйгілі зілтемірші, ауыр атлетикадан төрт дүркін әлем чемпионы Илья Ильин, өңірдің қоғам белсенділері, спортшылар, ерікті жастар қатысты.

    Қостанай ауданындағы Мичурин ауылдық округінің орман алқабында орналасқан жаңа экопарк тұрғындардың демалысына, спортпен шұғылдануына және табиғат аясында уақыт өткізуіне арналған. Жоба «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында жүзеге асырылған.

    Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Құмар Ақсақалов Мемлекет басшысының ірі қалалар мен облыс орталықтарының маңында экопарктер құру жөніндегі тапсырмасын орындаудың маңызын атап өтті.

    Жаңа экопаркте тұрғындардың белсенді демалысына қажетті инфрақұрылым қарастырылған. Мұнда футбол алаңы, воркаут аймағы, балалар ойын алаңы, жүгіру жолы және автотұрақ бар.

    Жүгіру жолының ұзындығы – 2 015 метр, аумағы – 5 030 шаршы метр. Балалар ойын алаңы 5 050 шаршы метр жерді алып жатыр. Сондай-ақ экопарк аумағында кіреберіс қақпалар мен жерасты өткелі қарастырылған. Жерасты өткелі салынып жатқан «Астана» тұрғын алабымен байланысты қамтамасыз етуге арналған. Бұл тұрғындардың жаңа демалыс орнына қатынауын жеңілдетуге мүмкіндік береді. Жобаның жалпы құны – 660 миллион теңге. Құрылыс пен абаттандыру жұмыстары осы жылы жүзеге асырылған.

    Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Құмар Ақсақалов мұндай қоғамдық кеңістіктердің маңызына тоқталды.

    «Қостанада қоғамдық кеңістіктерді дамыту жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Тек былтыр қалада 5 саябақ пен сквер ашылды. Алдағы жылы «Береке», «Юбилейный», «Қонай» шағын аудандарындағын абаттандырып, заманауи қоғамдық кеңістіктерге айналдыру жұмыстары жалғаса береді», – деді аймақ басшысы.

    Облыс әкімінің айтуынша, экопарк тұрғындарға спортпен шұғылдануға, отбасымен бірге уақыт өткізуге және табиғат аясында тынығуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мұндай орындар қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.

    «Қоршаған ортаны қорғау – тек табиғатты сақтау ғана емес, сонымен бірге адамдарға жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру. Сондықтан елді мекендердің айналасын көгалдандыруға, жасыл желекті көбейтуге және тұрғындарға арналған қоғамдық кеңістіктерді дамытуға ерекше мән беруіміз керек. Мұндай нысандар отбасылардың бірге уақыт өткізуіне, балалардың табиғатқа жақын болып өсуіне және тұрғындардың белсенді демалыспен айналысуына мүмкіндік береді, - деп өңірдегі экологиялық бастамалардың маңызын жеткізді аймақ басшысы.

    Облыс әкімінің сөзінше, өңірде мұндай қоғамдық кеңістіктерді дамыту жұмыстары жалғасады. Бұл бастамалар облыс орталығымен шектелмей, қалалар мен ауылдық елді мекендерді де қамтуы тиіс.

    Экопарктің ашылу салтанатында Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, ауыр атлетикадан төрт дүркін әлем чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы Илья Ильин жиналған қауымға құттықтау сөзін арнап, спорт пен салауатты өмір салтының маңызын атап өтті. Оның салтанатты шараға қатысуы бұқаралық спортты дамытуға және тұрғындарды белсенді өмір салтына ынталандыруға бағытталған бастамамен үндеседі. Жаңа экопарк тұрғындарға серуендеп қана қоймай, жүгірумен және басқа да дене шынықтыру жаттығуларымен айналысуға мүмкіндік береді.

    Қостанай облысында қоршаған ортаны қорғауға және экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған бірнеше бастама қолға алынған.

    Облыс әкімінің мәліметінше, Қостанай қаласында экотакси қызметі іске қосылған. Сонымен қатар өңірде жаңартылатын энергия көздерін дамыту жұмыстары жүргізілуде. Қазір облыста екі күн электр станциясы мен бес жел электр станциясы жұмыс істейді. Бұған қоса, ауылдық жерлерде қоқысты бөлек жинау тәжірибесі енгізіліп жатыр. Бұл шаралар өңірде жасыл экономиканы дамытуға, қоршаған ортаға түсетін салмақты азайтуға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.

    Жаңа экопарк Қостанай ауданы тұрғындарының табиғат аясында демалуына, балаларымен серуендеуіне және спортпен айналысуына мүмкіндік береді. Мұнда серуендеу мен жүгіруге арналған жолдардан бастап, балалар алаңы мен спорттық нысандарға дейінгі инфрақұрылым қарастырылған.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қостанай облысының әкімдігі" жаңалықтары