Қостанайда заманауи «Invictus Go» фитнес-клубы ашылды

    1 / 9

    Қостанай қаласында еліміздегі «Invictus Go» форматындағы ең ірі фитнес-клуб ашылды. Инвестиция көлемі – 2 миллиард теңге. Жалпы аумағы 3 мың шаршы метрді құрайды. 30 жаңа жұмыс орны ашылды.

    Кешен Италияда өндірілген Technogym брендінің заманауи, кәсіби және жоғары сапалы спорт жабдықтарымен толық қамтылған. Мұнда сапалы жаттығу жасауға барлық жағдай қарастырылған. Кешен құрамында заманауи жаттығу залдары, топтық сабақтарға арналған залдар, функционалдық жаттығу аймақтары, демалыс бөлмелері және спорттық инфрақұрылымның басқа да нысандары бар. Бұл орын бір мезгілде 200 адамға дейін қабылдай алады.

    Салтанатты шараға Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов қатысып, бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын қалыптастыру – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

    «Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында елімізде 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет нысандарының құрылысы басталатынын атап өтті. Бұл – халықтың әл-ауқаты мен өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Салауатты өмір салты – дені сау ұрпақтың кепілі. Сондықтан бұқаралық спортты дамыту, тұрғындарға спортпен шұғылдануға қолайлы жағдай жасау – алдымызда тұрған маңызды міндеттердің бірі. Облысымызда бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді», – деді аймақ басшысы.

    «Invictus» желісі Қазақстан, Әзербайжан және Қырғызстан елдерінде 80-нен астам фитнес-клубты біріктіреді.

    Айта кету керек, Қостанайдағы «Invictus Go» желісінің бұл алғашқы әрі соңғы нысаны емес. Қазіргі уақытта Триатлон саябағы ауданында аумағы 4 мың шаршы метр болатын тағы бір фитнес-клубтың құрылысы басталды. Осылайша, облыс орталығында еліміздегі мұндай форматтағы ең ірі екі фитнес-клубы бой көтереді.

    «Бұл – қаладағы спорт инфрақұрылымын дамыту ғана емес, тұрғындардың белсенді демалысына, денсаулығын нығайтуына және спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік беретін маңызды бастама. Біздің басты міндетіміз – тұрғындардың спортпен шұғылдануына барынша қолайлы жағдай жасау, олардың бос уақытын тиімді әрі мазмұнды өткізуіне мүмкіндік беру. Жаңа фитнес-клуб Қостанай тұрғындары мен қала қонақтары үшін қолжетімді заманауи спорттық-сауықтыру орталығына айналады деп сенемін», – деп атап өтті Құмар Ақсақалов.

    Облыста жыл сайын жаңа спорт нысандарының саны артып келеді. 2023 жылдан бері 40-тан астам спорт нысаны салынды. Олардың қатарында 19 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 8 спорт залы, 6 жабық хоккей корты, 3 стадион, ат спорты манежі, бассейн және басқа да нысандар бар. Өңір басшысы бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса беретінін айтты.

    Қазіргі уақытта Тобыл қаласында облыстағы ең ірі, халықаралық стандарттарға сай Спорт сарайы, үстел теннисі орталығы, жабық хоккей корты және Арқалық қаласында екі дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынуда. Сонымен қатар Қостанай қаласында Жекпе-жек сарайы мен инклюзивті спорт және даму орталығының құрылысы басталды.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қостанай облысының әкімдігі" жаңалықтары